Қамауға алынған Қайрат Нұртасқа қандай жұлдыздар қолдау көрсетті

Жарияланды 11 Шілде 2024 16:01

(жаңартылды 12 Шілде 2024 17:43)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қамауға алынған Қайрат Нұртасты қандай жұлдыздар қолдады/ коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

15 тәулікке қамалған әнші Қайрат Нұртасты өнердегі әріптестердің ішінде кімдер қолдады? Әлеуметтік желіде қарапайым халықтан бастап эстрада жұлдыздарына дейін әншіге қолдау білдіріп отыр.

Алғашқылардың бірі болып әріптес інісіне ағалық ақылын айтып, достық туралы сыр шерткен Мейрам Беспаев жазба қалдырған болатын.

«Кейде есігіңнен күліп кіріп, текеметіңді тіліп кететіндер болады. Адам аласы ішінде ғой. Досым деп жүріп домалақ арыз жазып, құны қымбат достықты қастыққа айырбастай салатын хайуандар көбейді. Қайрат інім, Құдай жаныңа қуат берсін. Бұлттың артынан күн шығатыны секілді, әр жамандықтың артынан үлкен жақсылық болатыны ақиқат. Енді абайлап жүрші. Маңайыңда жүргендерді сұрыптап қарашы. Сені сатқан ақымақтың жазасын Алла береді. Алла әділ», – деп жазды әнші.

Тағы бір әнші Ернар Айдарда өз Instagram парақшасында жазба жариялады.

«Қайреке мойымаңыз, ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді. Бұлттың артынан жарқырап күн шығады демекші, Құдай қаласа бәрі жақсы болады. Алла жар болсын», – деп жазды әнші.

Сондай-ақ, әншіні тұтқындаған сәттен бастап інісі Заңғар мен анасы Гүлзира Айдарбековада әлеуметтік желіде белсенді болып Қайраттың шығармашылығын мен қолдаушыларының сөздерін жариялап, халыққа алғысын білдірді.

«Түске дейін, анасы қандай күйде деп мазалауға ыңғайсыздық танытып, сіздердің де жүректеріңіз тыным бермей, түс ауа қоңыраулар мен смстер еш тоқтаған жоқ. Ия, журналистерге де хайп табылып, бірі сауап болды деп күлкіге қарық болып, жандары рахаттанып ойларына келгенін жазса, 90 пайыз халық жанашырлықпен жүректері жылап жатты. Менің де көргенім көп балам, бәріне ақ жүрегіңмен сенім артып, жаныңа жинап, үйге алып келе бермеші деп айтқан кездерім де жоқ емес, оның үстіне көп нәрсенің құрбаны болуға ел алдында жүргенінің де әсері тиерін ана жүрегім сезбейді емес. Ұлыма бар тілерім: сағы сынбай, жүзінде мұң болмай, Алла амандық пен сабыр берсін! Ал сіздерге тілерім: ешбір ананы құдай баласымен сынамасын!», – деп жазды Қайраттың анасы.

Айта кетейік бұның алдында елімізге белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов 5 тәулікке қамалған еді. Артынша басынан өткен жағдайды әзілге айналдырып Қайратқа қолдау білдірді.

«Осы концертке өте мұқият дайындалдым. Бес күн дайындалдым. Арнайы, телефон, бәрін өшіріп тастадым. Ешқайда шықпай дайындалдым. Бүгін енді Қайрат кетті, барып концертіне дайындалады», – деді Тұрсынбек Қабатов.

Елімізге белгілі продюссер Жан Мұқановта бұл жағдайға бейжай қарап өте алмады.

«Қайрат сияқты талантты адамдар мазақ етуден гөрі қолдауға ие болуы керек. Мәдениет пен өнер — бұл бәрімізді біріктіретін сала. Қайрат екеуміз керемет дос емеспіз, жау да емеспіз, бірақ шындық достықтан да қымбат, Әділеттілік пен адамгершілікті қорғау маңызды. Ал Қайратты және оның шығармашылығын ұнатпайтындар, жай ғана өтіп кетіңіздер, өйткені оның миллиондаған қолдаушылары бар және бұл оған жеткілікті», – деді Жан Мұқанов.

Естеріңізге сала кетейік, 5 шілде күні Қайрат Нұртас қамауға алынған болатын. Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен Қайрат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды.

9 шілдеде Астана қалалық соты әкімшілік құқық бұзушылық туралы бірінші инстанцияның үкіміне шағымданған әнші Қайрат Нұртасты мерзімінен бұрын босатпау туралы шешім қабылдаған.

Сондай-ақ оқыңыз