Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы Mass Alert жедел хабарлау жүйесін қолдауға 415 млн теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл туралы мемлекеттік сатып алу сайтына орналастырылған құжаттарда жазылған.
Нақтырақ айтқанда, әкімдік Cell Broadcast – қысқа хабарламаларды тарату қызметін пайдалана отырып, Алматы қаласының азаматтарына Mass Alert жедел хабарлау және коммуникация жүйесін қолдау қызметтеріне 415 520 000 теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Басқарма бұл қызметті тікелей шарт тұжырымы арқылы бір дереккөздерден сатып алу үшін «АСиВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 18 маусым күні келісімшарт жасасқан. Шарт мәртебесі қазіргі уақытта «әрекетте» деп көрсетілген. Жұмсалатын қаражаты облыстық бюджеттен бөлінетіні жазылған.
Ал egov.kz порталында жарияланған мәліметтерге сәйкес бұл компанияның құрылтайшылары Эльдар Бектембаев пен Әсел Пшембаева.
Бұл сомаға компания Mass Alert 3GPP TS 23.041 және ETSI TS 123.041 халықаралық техникалық сипаттамаларына сәйкестігін қамтамасыз етуге және басқа да техникалық қолдау шараларын жүзеге асыруға міндеттеледі.
«Орындаушы қызметті пайдалануға бергеннен кейін Тапсырыс берушіге жер сілкіністерін ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін мердігердің бағдарламалық қамтамасыз етуіне қосу (біріктіру) мүмкіндігін беруге міндеттенеді»,- делінген құжатта.
Еске сала кетсек, 18 мамыр күні Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өткен кеңесте Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі қалада пилоттық режимде іске қосылатыны хабарланған болатын.
«Mass Alert» арқылы халықты құлақтандыру желіге қосымша жүктеме тудырмайтын және базалық стансалардың антеннасын жабу аймағындағы барлық абонентті бірден және жаппай хабардар етуге мүмкіндік беретін Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып жүргізіледі», — деген Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Ал 31 мамыр күні Алматы әкімдігі Mass Alert төтенше жағдайларды құлақтандыру жүйесін сынақтан өткізді. Ол күні сағат 12.00-де барлық қазақстандықтар «президент хабарландыруын» алған болатын.
Mass Alert жүйесінің қарапайым SMS-ке қарағанда бірқатар артықшылықтары бар. Жүйе бойынша хабарлама мобильді оператор желісіне қосылған, сондай-ақ жеке таңдалған географиялық аймақтағы барлық абонентке жіберіледі. Сонымен қатар жүйе байланыс желілеріне шамадан тыс жүктеме түскеніне қарамастан жұмыс істей береді.