Жаңалықтар

Артық салмақтан арылту отасын жасатып, қайтыс болған әйелдің өліміне туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр

Құралай Батырханова липосакциялық отадан кейін бірнеше сағаттан соң, комаға түскен / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыда жеке клиникалардың бірінде липосакциялық ота жасалғаннан кейін 47 жастағы әйел қайтыс болды. Оның туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлерді айыптап отыр. «Курсив» марқұмның туыстарына хабарласып, мәселенің мән-жайын білді.

Туыстарының айтуынша, 3 баланың анасы Құралай Батырханова артық салмақтан арылу үшін AMIRA CLINIC жекеменшік емхана дәрігерлеріне жүгінген. Аталмыш емхана дәрігерлері Құралайды тез нәтиже көретініне сендірген. Алайда ота жасалғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, әйелдің жағдайы күрт нашарлап, ауруханада қайтыс болған.

Алдын-ала болжам бойынша өлімге жедел миокард инфарктісі себеп болған. Бірақ туыстары Құралайдың денсаулығында ешқандай кінәрат болмағанын айтады.

Емделушісінің не себепті аяқасты қайтыс болғанын емхана дәрігерлері де дұрыс түсіндіре алмаған. Бұл қайғылы оқиғадан соң, марқұмның туыстары полицияға арыз түсірген. Құзырлы орган «Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау» бабы бойынша тергеу бастаған.

Марқұмның сіңлісі Гүлнар Батырханованың айтуынша, операция жасамас бұрын әпкесінің барлық анализдері жақсы шыққан.

«5 шілде күні таңертең әпкемізге операция жасалды. Отадан шыққаннан кейін, сағат 11:40-та ол күйеуіне хабарлама жіберген. Онда өзінің операциядан шыққанын, бірақ өз-өзіне келе алмай жатқанын айтқан. Ал 12-ден бастап байланысқа шықпай қояды. Телефонына қоңырау шалдық, көтермейді. Кешкі 20:00-де операция жасаған дәрігер Данияр Урмурзин әпкемнің телефонынан хабарласып, күйеуіне жағдайы нашарлап жатқанын айтып, емханаға шақырады»,- дейді сіңлісі.

Күйеуі келген соң, Құралайдың жағдайының нашарлауына қан қысымының түсіп кеткені және қанты көтерілгені себеп болғанын айтқан. Нәтижесінде емделуші комаға түсіп, түнгі 23.00-де жан тапсырған.

Марқұмның сіңлісі дәрігерлердің мұндай отаның осындай ауыр салдары болуы мүмкін екенін алдын-ала ескертпегенін айтады.

«Әпкеме ота салдары ауыр болуы мүмкін екені ескертілмеген. Ал жедел жүрек миокард инфаркті болғанына сенбейміз. Мұндай инфаркт бір күнде бола салмайды. Ол операция алдында тексерілген. Барлығы жақсы болғаннан кейін ғана ота жасалады. Әпкем 25 жыл ұстаз болған адам. Ешқашан жүрегіне шағымданып көрген емес. Ұлағатты ұстаз. «Артық салмақтан арылам, шамалы жеңілдеп қалам» деген оймен барды бұл операцияға. Бұл жағдай бізге, жақындарына, анасына өте ауыр тиді»,- дейді туысы.

Гүлнар Батырханова дәрігердің бүгінгі таңда өз жұмысын жалғастырып жатқанын, әлеуметтік парақшасын әдеттегідей жүргізіп, ота жасап жатқанын айтады.

«Дәрігер бүгінде ештеңе болмағандай жұмысын істеп жатыр. Ол телеарналарға берген сұхбатында әпкемнің 16.00-ге дейін жақсы жүргенін айтқан. Бірақ ол бізбен сағат 12-ден кейін байланысқа шықпай қалды. Сондықтан оның айтқаны шындыққа жанаспайды. Бұл мәселеде әділдік орнағанын қалаймыз»,- дейді ол.

Ота жасаған дәрігер Данияр Урмурзин 10 шілде күні жеке парақшасында осы оқиғаға қатысты жазба жариялаған.

«Ең алдымен, Құралайдың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз және барлық қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен тергеу жүріп жатыр, бұл іс бойынша ешқандай түсініктеме беруге құқығым жоқ. Тергеуден кейін барлық ақпарат анықталған бойда мен өз тарапымнан жағдайға түсініктеме бере аламын. Бұл мен үшін өте қиын сәт, өйткені бұл менің тәжірибемде бірінші рет болып тұр. Сот-медициналық сараптамасы келгенше ешқандай қорытынды шығармауларыңызды сұраймын», – деп жазған ол.