820 теңге: шілде айының ортасынан бастап темекі бағасы қымбаттайды

Жарияланды
Темекі бағасы екі рет көтеріледі / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахам Зиперов

2024 жылдың 15 шілдесінен бастап темекі бағасы қымбаттайды. Бұл жайлы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 22 ақпандағы № 196 бұйрығына өзгеріс енгізілді»,- делінген хабарламада.

Комитет хабарлауынша, шілденің ортасынан 20 түрлі темекі өніміне ең төмен бөлшек сауда бағалары қолданыла бастайды.

Фильтрлі, фильтрсіз сигареттер, папиростар, сигариллалар және қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың бағасы алдағы уақытта екі рет көтерілмек.

  • 2023 жылғы 15 шілдеден бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға – 820 тенгеге;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 870 тенгеге қымбаттайды.

Еске сала кетсек, темекі бағасының көтерілетіні жайлы мамыр айында белгілі болды. «Ашық НҚА» сайтында жарияланған құжат түсіндірмесінде темекі өнімдерінің қымбаттауы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне салық жүктемесі өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға ұлғайғанымен түсіндірілген болатын.

Сонымен бірге темекі өнімдеріне қатысты өлшенген салық және баға саясатын жүзеге асыру, темекі мен темекі шегудің таралуы мен қолданылуын қысқартуға бағытталған денсаулық сақтау саласындағы мақсаттарға қол жеткізу мақсатында бағаларды өсіру көзделіп отырғаны хабарланды.

Айта кетейік, 2023 жылы да дәл осы уақытта темекі бағасы көтерілген болатын. Ол кезде фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың бағасы 650 теңгеден 710 теңгеге көтерілген болатын. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 770 теңге көлемінде ең төменгі бөлшек сауда бағасы белгіленген еді.

Бұлайша темекі өнімдері бағасының ұлғаюына бірінші кезекте 2022 жылғы инфляцияның 20,3 пайызға көтерілуі себеп болғаны айтылған еді. Сонымен бірге 2023-2024 жылдары акциз мөлшерлемесі 14%-ға ұлғайтылған және импортталатын шикізат пен материалдардың құны орта есеппен 20%-ға өскен. Сонымен қатар темекі өнімдерінің шикізаты мен компоненттерінің логистикасы едәуір күрделенуі де бағаларға өз әсерін тигізген.

Сондай-ақ оқыңыз