Shulamah. Адал достықты насихаттайтын музыкалық драма прокатқа шықты
10 шілдеде Алматыдағы кинотеатрлардың бірінде Shulamah фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмге әйгілі Sheker сериалы арқылы танымал Айтөре Жолдасқали мен Игор Цай режиссерлік еткен. Kursiv Media тілшісі фильм көрсетіліміне барып, актерлармен тілдесіп қайтты.
Shulamah – Теміртаудан арман қуып Алматыға келген үш рэп орындаушы жігіттің өмірі жайлы музыкалық драма. Сюжет бойынша Сапар, Ғани мен Дархан бала кезден рэп орындаушы болуды армандайды. Ер жеткен соң жігіттер бәрін тастап, үлкен шаһарға жол тартады. Үлкен қалаға арман қуып келген олар танымалдыққа ие болып, ақша да табады. Бірақ есесіне бала кезден басталған достықты құрбан етуді талап етеді. Фильм осы күрес төңірегінде өрбиді.
Актерлар үшін бұл – дебюттық жоба. Сапар есімді рэперді ойнаған Досан Кеншімбаевтың айтуынша, түсірілім аса қиын болмаған.
«Фильмді арасындағы үзілістерді қоса есептегенде екі жыл түсірдік. Бүгін көрерменмен бірге алғаш рет көрдік. Қызық сезім. Бірақ, бір қарағанда, біз өз-өзімізді, яғни рэпер жігіттердің рөлін ойнап шықтық. Сондықтан аса қиын болмаған сияқты. Тек мен өмірде фильмдегідей қатты салмақты емеспін, көңілді жігітпін. Ғаниді ойнаған Демеу де сондай агрессияға толы адам емес. Жалпы көңілді, ашық-жарқын жігіттерміз», – дейді ол күліп.
Актер мұндай тәжірибе ұнағанын айтады. Жігіттер сұраныс болса, фильмнің екінші бөлімі шыққанын да қалайтындарын жасырмады.
«Шынымды айтсам, көңілімізден шықты. Фильм бойы үш рет көзіме жас келді. Екі қалада жабық көрсетілім өткіздік, көрерменге де ұнап жатқан сияқты. Киноға түсу де ұнап қалды», – дейді Досан.
Фильмге түсу үшін жігіттерге сәл образ өзгертуге де тура келген. Әсіресе, Демеу өте батыл эксперимент жасауға келісіп, шашын қызыл түске бояған.
«Басында қалай болар екен деп ойладым. Бірақ өзіме қатты ұнап қалды. Айналама да ұнап жатыр. Сондықтан осы образбен әлі біраз жүретін сияқтымын», – дейді ол.
Демеу қазақстандық көрерменді фильм көруге шақырып, Shulamah прокаттағы өзге туындылардан несімен ерекшеленетінін де айтып берді.
«Бұл – жоғары стиль көрсетілген фильм. Өнер жолы, арманға адал болу, ішкі құндылықтарға адал болу жайлы музыкалық фильм. Келген көрермен билеп те, күліп те, жылап та қайтады. Алмаз, Досан үшеуміз өмірде де жақын доспыз. Фильм арқылы сондай жылы қарым-қатынасты насихаттай алғанымыз үшін ерекше қуанышытымыз», – дейді Демеу.
Фильмде Қазақстандағы рэп әлемі көрініс тапқандықтан, көрермен экраннан HIRO, VSXV Prince, Shiza және өзге де танымал рэп орындаушыларды көре алады.
Кино картина негізінде арнайы музыкалық альбом жазылған. Ол 12 шілдеден бастап барлық музыкалық платформаға жүктеледі. Туындылардың арасында жігітттердің VSXV Prince-мен бірлесе жазған шығармасы да бар.
Фильм 11 шілдеден бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларынан көрсетіледі.
Шілде айында шетелдік қана емес отандық кино индустриясының көрерменге дайындаған жаңа туындылары баршылық. Kursiv Media шілдеде қазақстандық кинотеатрларда көрсетілетін фильмдер топтамасын ұсынады.