«Инвестиция» терминімен қазір көпшілік жақсы таныс. Осыдан бірнеше жыл бұрын сенім азырақ болып, күмәнмен қарайтын болса, бүгінде болашағын ойлайтындардың айналысатын ісіне айналып келеді. Акция, валюта, жылжымайтын мүлік, қымбат металдарды актив ретінде сатып алатындар көбейіп жатыр. Құнын жоғалтпайтын алтын сатып алып қою керегін жиі естігенімізбен, гауһартастың да инвестиция құралы бола алатынын біле бермеуіміз мүмкін. Сейфке сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып сақталып келе жатқан қымбат тасты алқа, жүзіктерді инвестиция мақсатында пайдалануға болады. Kursiv Media тілшісі бұл әдістің артықшылығы мен кемшілігін таразылап шықты.
Жылтыраған гауһардың бәрі инвестиция емес
Инвестициялық гауһартас деп әлем нарығында ондай көлемде табыла бермейтін, алынуы қиын тастарды айтады. Тіпті ондай тастардың саны көбеймей, керісінше, жыл өткен сайын азайып келеді. Ұсыныстың шектеулі болуының себебі — бриллианттың саны аз әрі кен орындары сарқылып жатыр. Жалпы бағалаған кезде оның көз жауын алатын әдемілігіне, эксклюзивтігіне, әлемде сирек кездесетініне мән беріледі. Оларды түссіз және түрлі-түсті деп екіге бөледі. Түссіз тастар арзандау. Бұл сегментті қарастырған кезде 5 караттан асатын тастарға назар салу керек. Тап-таза, мөлдір, жарқырап тұрған тастар қымбаттау болады. Ал түрлі-түсті тастардың жоғары класс екені белгілі. Олардың бағасы орта есеппен — 200 000 доллар (шамамен 95 млн теңге). Түссіз гауһармен салыстырып көрсек, оның 1 караты 15 000 доллардай (7 млн теңге шамасында) тұрады. Салмағы дәл осындай қызғылт түсті табиғи тас 1 млн доллар тұрады. Ал қызыл, жасыл бриллианттар бағасы тіпті қымбат. Себебі әлемде ондай тас өте санаулы. Сонысымен де, әдемілігімен де құнды.
Қалай ажыратамыз?
Қарапайым бриллиант пен инвестициялық гауһарды тану үшін білім керек. Себебі қатардағы адам оны біле алмайды. Әдетте бағасы өсетін тастарды ажырату үшін геммолог мамандар тартылады. Сарапшылар инвестициялық бриллианттар нарығын басқа тастар нарығымен бірге қарастырады. Яғни қымбат не жартылай қымбат тастар нарығын қатар шолып отырады. Мәселен, салмағы бірдей болса да, шпинель мен турмалин өте сирек кездесетіндіктен, қымбатырақ болуы мүмкін. Түрлі-түсті тастарды әдемлігіне, түсіне, тазалығына және сирек кездесетініне қарап бағалайды дедік. Кейде тіпті көрінер-көрінбес түс қосылып, құбылып тұрса, ол да бағасына әсер етуі ғажап емес. Бағасына геосаясат та әсер етеді. Айталық, нарық үшін маңызды кен орны жабылып қалса, тас бағасы шарықтап кетеді. Мысалы, Бразилияда 80-ші жылдары табылған Параиба турмалині кейінгі бес жылда қатты қымбаттады. Себебі кен орны сарқылып қалған. Бүгін бір караты 1500 доллар тұрған тас келесі жылы 3000 доллар тұруы әбден мүмкін. Бірақ инвестициялық гауһартас нарығы әлдеқайда тұрақты. Аяқ-асты өзгерістің болуы сирек. Сұраныс та үнемі болып тұрады. Тек пандемия сияқты кездерде жұрт тарапынан сұраныс азайып, соған байланысты гауһар бағасы арзандауы мүмкін.
Табысы көл-көсір нарық па?
Инвестициялық гауһартастардың басты ерекшелігі — құнының валютаға байлаулы тұратынында. Мысалы, бриллиантты Қазақстаннан алсаңыз, сауда теңгемен жасалады. Бірақ доллардың курсымен есептеледі. Кейінгі он жылда сирек кездесетін қызғылт тастың бағасы «ұшып» кеткен. Шамамен төрт есе қымбаттаған. Ұзақ мерзімге жоспарлаған кезде бриллиантты инвестиция тәсілі ретінде қарастыруға әбден болады. Бірақ бірден пайда көремін деп үміттенбеңіз. Бір жылда бағасы шамамен 3-5 пайыз ғана өседі. Яғни өз құнын ақтауы үшін сізге кемінде 4-5 жыл күту керек. Сондықтан ақшасын көбейтуді емес, сақтап қалуды ойлайтындар айналысқаны жөн. Алған кезден бастап, әжептәуір табыс табатындай бағаға сатып жібергенге дейінгі цикл ондаған жылға созылуы мүмкін. Әсіресе, алғашқы бес жылда өте елеусіз өсім көресіз.
Олай болса, артықшылығы неде? Актив құнын жоғалтпайды. Құбылады деп қорықпайсыз. Табиғи апат, дағдарыс кездерінде қорғаныс функциясы болатынын көрсетіп, бағасы қымбаттай түседі. Мәселен, Фукусимадан кейін 11 қыркүйекте, коронавирустан кейін бірқатар бриллиант бағасы аспандап кеткенін білеміз. Демек, тіпті бағасы түссе де, ол — уақытша құбылыс. Қымбат тас жерде жатпас!
Сату және сатып алуға қатысты чек-лист
- Инвестиция мақсатында гауһартас сатып алған кезде арнайы алаңдардан сатып алу керек. Мысалы, Израиль биржасынан немесе Антверпендегі Алмаз кварталынан дегендей. Мұндай тастарды зергерлік бұйымдар сататын дүкеннен сатып алмайды.
- Оңай сатып жібере алатын тастарды ғана сатып алыңыз. Саф, түсі біркелкі, салмағы 0,7-0,9 карат болғаны жөн. Себебі бұларды сату қиынға соқпайды. Болмаса, салмағы 10 караттай болатын, өте сирек кездесетін тас болсын. Оны арнайы нарыққа салып сата аласыз. Бірден сатылып кетпесе де, бағасы арнайы алаңдарда қымбатқа өтеді.
- GIA, HRD немесе IGL сертификаттары бар бриллиантарды ғана алу керек. Таза екенін растайтын құжат міндетті түрде болуы қажет.
Қай жерде және қалай сақтау керек?
Бәрі тастың салмағы мен санына қарай. Мысалы, 1,5 караттық шағын тас болса, онда оны банкте сақтаған жөн. Сол сақтағаны үшін төлеген ақысынан табысыңыз асып түсетіні анық. Ал енді сирек кездесетін коллекциялық бриллиант болса немесе 100 шақты ұсақ тастар болса, онда қауіпсіздікті бірінші орынға қойып, ұяшыққа салған абзал. Басқа елдің банкінде сақтауға да болады. Мұндай нұсқаны қарастырған кезде салығы аз елді таңдауға тырысыңыз. Негізі әлемде бриллиантқа салық алатын ел көп емес. Салық сұрамайтын елді табу оңай. Бірақ бриллиантты сататын болса, бәрібір табыс салығын төлеуі қажет болады. Сол себепті тастарды сақтайтын орын мен елді таңдаған кезде алдымен салық мөлшерлемесін есепке алу қажет.
Қымбат тасқа қызығатын адам көп. Сатып алатын ше?
Гауһартастың өтімділігіне қатысты айтқанда, оны сату оңай емесін ескеріңіз. Себебі инвестициялық бриллиантты алгортитм мен нарықты бүге-шүгесіне дейін білмейінше сату өте қиын. Әрине, егер сіздің қолыңызда әлемде санаулы ғана данасы бар тас болса, оны алғысы келетіндер көп болатыны белгілі. Бір тасты сатып алған соң, одан еселеп пайда көретіндей бағаға сатып жіберу үшін кемінде он жыл күтесіз. Одан қала берді сататын кезде дайындық жасауыңыз керек. Ол дегеніміз оны жалтырап тұруы үшін қайтадан сүрткізіп, тегістетесіз, сертификаттарды жаңартасыз, мамандармен кеңесесіз. Бұл процесс те біраз уақыт алады. Есесіне, жақсы бағаға сатасыз.
Болашағы бар ма?
Бриллиантты инвестиция құралы ретінде қарастыруға болатынын білдіңіз. Ал енді нарықтың болашағы қандай? Бұған қатысты сала мамандары түрлі пікір айтады. Мысалы, геологиялық процестерді ескерсек, салмағы ауыр, сипаттамасы көңілден шығатын, қымбат тас қазір табиғи түрде шықпайды. Бәрі білетін кен орындары бірінен соң бірі сарқылып жатыр. Қайта жасауға көп шығын кетеді. Жаң кен орындары қатысты да қиындық көп. Десе де, адамзат дамып келе жатыр. Бәлкім, алдағы түсінікті, ашық әрі ыңғайлы сату және сатып алу жүйесі жасалып қалар. Бірақ та бриллианттардың экономикалық ахуалдарға байланысты бағасы түсіп кетпейтін, тұрақты бағыт екені анық. Әрі әлемде гауһартас иелерінің тізімі жасалмайды. Құнды қағаздар, жылжымайтын мүліктерден айырмашылығы — біреудің бриллианттарын шыққан еліне қарай бұғаттап тастауға болмайды.
Қазір алтын тұрақты құрал болғанымен, дағдарыс кезіндегі ахуалға қарасақ, қорғаныс активі ретінде бұрынғыдай танымал емес. Себебі бағасы мен сауда көлемі жылдам қарқынмен өспейді. Ал енді гауһартасты инвестициялау көбіне қымбат тастарға қызығатын, бағалайтын адамдарға арналған жоғары ниша болатын сыңайлы. Әлемде бірнеше данасы ғана бар затқа иелік еткенді бедел санап, сол үшін жинайтындар тарапынан сауда қыза түседі.
Қандай гауһартасты сатып алу керек?
Мысал үшін былай алып қарастырайық. 70-ші жылдары бриллианттың 1 караты 2700 доллар тұрды. Ал енді 2000-шы жылдардың басында оның құны 15 000 долларға өсті. 2015 жылы 30 000 долларға жуықтады. Демек жарты ғасыр ішінде он есе өскенін көріп отырмыз. Керемет емес пе? Дегенмен бұл ретте тастың сипаттамасы идеал болуы керек екенін ескеру қажет. Олай болса, қандай гауһартасты сатып алып, инвестициялау керегіне тоқталайық.
- Салмағы кемінде 1 карат болсын. Кей эксперттер тіпті 3 караттан кемі кем дейді.
- Тазалығының көрсеткіші өте жоғары болуы керек. Көбіне бұл шартын GIA жүйесімен бағалайды. Мысалы, бриллианттың тазалығы 0,3 караттан бастап 12 балл шкаласымен бағаланады. Ең идеал аралық — 1-ден бастап 5-6 дейін. Ол GIA бойынша IF-ден бастап, VS2-ге дейінгі диапазон.
- Түссіз немесе сарылау түсті. GIA жүйесі бойынша бұл D мен G аралығына сәйкес келеді. 0,3 караттан жоғары тастар 17 балл шкаласымен бағаланады. Түссіздерінің диапазоны 1-4 арасында.
- Бедері идеал болуы керек. Оның қандай қалыпта болғаны емес, сапасы аса маңызды. Мысалы, 57 қырлы дөңгелек бриллианттар қымбаттау болып келеді. GIA жүйесі бойынша бұл шарт 5 балл шкаласымен өлшенеді. Инвестициялық гауһартастар GIA бойынша EX (тамаша) және VG (өте жақсы) деген бағаға ие болуға тиіс.
Гауһартасты инвестициялаудың кемшін тұстары
Идеал актив болмайды. Әр активтің өз кемшіліктері болады. Әйтпесе, елдің бәрі баяғыда-ақ миллиардер болып шыға келер еді. Сондықтан бриллиантты инвестициялаудың кемшіліктеріне де тоқталайық.
- Нарықққа кіру оңай емес — өте қымбат. Себебі бриллиант бағасы (мысалы 1 караттың өзі) қымбат тұрады. Ал енді идеал сапалы, сипаттамасы ғажап тасты алу тіпті қиын. Оның құны кем дегенде 10 000 доллардан асады.
- Сатуға және сатып алуға қатысты нақты бір қағидалар жоқ. Мұны да кемшілік деп қарастыруға болады. Мысалы, классикалық алтын, құнды қағаздарда барлығы нақты жазылған. Соған қарап бағалап, қашан алуға, сатуға болатыны біліп отырамыз. Мына нарықта бұл жағы қиындау.
- Активті сақтау да айтарлықтай шығынды талап етеді. Банкте ұяшықта сақтайтын болсаңыз, ай сайынғы ақысы арзан емес.
- Өтімділігі төмен. Бриллиантты бірден алып, одан сатып жіберу қиын.