Алматы хайуанаттар бағы 3,2 миллион теңгеге екі альпака сатып алды
Алматы хайуанаттар бағы екі альпакамен толықпақ. Мемлекеттік сатып алу сайты арқылы жануарлар 3,2 миллионға сатып алынды. Мәдениет басқармасы альпакалардың «агрессивті емес, қоңы бар, қалың жүнді және ұзын жіңішке аяқты» болуын талап етті.
«Түйе тұқымдас екі аналық альпака, екі жастан төрт жас аралығындағы. Салмағы – кем дегенде 50 килограмм, бірақ 70-тен көп емес, орташа семіз. Сыртқы түрі – дақтары жоқ, жүні қалың, сымбатты, жеңіл денелі, қисық екені көрінбейтін ұзын және жіңішке аяқты, ұзын сымбатты мойын. Түстері сан алуан: ақ, кілегей, қоңыр, сұр, қара», – делінген байқау құжаттамасында.
Тапсырыс беруші жануарлардың вакцинациядан өткені маңызды екенін, қолға үйретілген әрі жуас болуы керек екенін талап етті.
Байқауға бес өнім беруші қатысып, соңында «Амиев» ЖК-мен келісімшарт жасалды. Хайуанаттар бағына екі альпака 3,2 миллион теңгеге сатып алынды.
Елдегі хайуанаттар бағы азайып барады. Мысалға, 2018 жылы олардың саны — 20, 2019 жылы — 18, 2020 жылы — 16 болған. Ең көп зообақ Алматыда.