Қыз зорламақ болды деп айыпталған қазақстандық Грузиядан экстрадицияланды
Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық Грузия елінен экстрадицияланды. Ол төрт жыл бұрын жасөспірім қызды күш қолдану арқылы зорламақ болған.
Бас прокуратура мен ҚР ІІМ Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Грузиядан сот үкімін орындау үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады. Бас прокуратура жариялаған ақпаратқа сүйенсек, ол 2020 жылы Шымкент қаласында күш қолдану арқылы бойжеткенді зорламақ болған. Жәбірленуші барынша қарсылық көрсетіп, қылмыскердің қолынан қашып құтылғандықтан, оның арам ойы іске аспаған.
«Сот аталған тұлғаны кінәлі деп таныды, алайда сотталған ер адам үкімді жариялауға қатыспай, жасырынып, тағайындалған жазаны өтеуден жалтарған. Соған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды»,- делінген хабарламада.
2023 жылы қазанда сотталушы Грузия аумағында ұсталды. ҚР Бас прокуратурасының сұрауы бойынша грузиялық тарап оны экстрадициялау туралы шешім қабылдады. Қазір ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Айта кетейік мамыр айында «Plus Capital» қаржы пирамидасын құрып, халықты 3 млрд теңгеге алдаған қылмыстық топ мүшесі де Грузиядан экстрадицияланған еді. Күдікті 2020 жылы қылмыстық топ құрып, Маңғыстау облысында «Plus Capital» қаржы пирамидасын ұйымдастырған.
Сондай-ақ осыған дейін ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен он жыл бойы іздеуде жүрген қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінен елге жеткізілген еді. Күдікті 2010 жылдың қазан айында жәбірленушіден АҚШ-тан «Роллс-Ройс» маркалы автокөлікті жеткізіп беруге уәде беріп, 50 млн теңгеден астам ақшасын алған. Ірі мөлшердегі ақшаны қалтаға басқан соң, бой тасалап қашып кеткен.