Капиталдануы ірі технологиялық компаниялардың акциялары инфляция туралы тосын жақсы мәліметтер жарияланғаннан кейін бейсенбі, 11 шілдеде кенеттен күрт құлдырады. Инвесторлар қыркүйекте ФРЖ мөлшерлемесі төмендегеннен кейін қарқындай өседі деген үмітпен «Керемет жетілік» қағаздарынан капиталдануы аз компаниялар акцияларына ауыса бастады деп жазады Bloomberg.
Толығырақ
Бейсенбі, 11 шілде, «Керемет жетілік» акциялары үшін жыл басынан бергі ең жаман күн болды. Apple акциялары 2,3%-ға, Microsoft 2,5%-ға, Nvidia 5,6%-ға, Alphabet 2,8%-ға, Amazon 2,4%-ға, Meta Platforms 4,1%-ға төмендеді. Бағаларына Robotaxi тұсаукесерін кейінге ысыру туралы ақпарат әсер еткен Tesla акциялары 8,4%-ға құлады. «Керемет жетілік» акцияларын бақылайтын Bloomberg индексі 2023 жылғы шілдеден бергі ең үлкен төмендеу – 4,1%-ға құлдырады деп жазады агенттік.
Bigtech акцияларының жаппай сатылуы соңғы екі аптада өскен S&P 500 индексінің 1%-ға құлдырауына әкелді деп жазады Bloomberg. Айта кетерлігі, индекске кіретін, бірақ салмағы аз 400 компания бейсенбі, 11 шілдеде, керісінше, қымбаттады. Капитализациясы аз компаниялардың индексі – Russell 2000 3,2%-ға өсіп, бұл оның, S&P 500-бен салыстырғанда, 2020 жылғы наурыздан бергі ең жақсы көрсеткіші болды. Goldman Sachs-дің технологиялық компаниялардың (әдетте қарызы жоғары топ) пайдасыз акциялары бойынша индексі 3,3%-ға өсті деп хабарлайды Bloomberg.
Бигтехтер неге құлдырады?
Инвесторлар Уолл-стриттің қыркүйекте ФРЖ мөлшерлемесі төмендейді деген үмітін нығайтқан инфляция туралы оң мәліметтер жарияланғаннан кейін ірі технологиялық компаниялардың акцияларынан арыла бастады. Тұтынушылық бағасының базалық индексі (Core CPI, азық-түлік пен энергия құнын қоспағанда) жыл сайын 3,3%-ға өсті, бұл – 2021 жылғы сәуірден бергі ең аз өсім. Инвесторлар мұны «капиталды көшір» деген белгі деп қабылдады дейді сарапшылар. Reuters келтірген сауда статистикасы: бейсенбі, 11 шілдеде, АҚШ биржаларында 12,6 млрд акция сатылған, ал алдыңғы 20 сауда сессиясының орташа көрсеткіші 11,5 млрд акцияны құраған.
«Инвесторлар бұл сәтті барлық салымды бір-ақ жерде ұстаған қаншалықты дұрыс екенін ой талқысына салатын мүмкіндік деп біледі, – деді Bloomberg-ке F/m Investments атқарушы директоры Александр Моррис. – Мен бұл күнді қандай да бір трендтің басы ретінде қарастырмаған болар едім, бірақ болып жатқан оқиғаның көрсеткені – инвесторлар тек жеті ірі технологиялық компанияға ақша сала бермей, басқа да сауда тәсілдерін іздеп жатыр».
Nasdaq 100 технологиялық индексі биыл 23%-ға өсіп, 6 трлн доллардан астам нарықтық құн қосты. «Бейсенбі, 11 шілде нарық үшін бетбұрысты, ал инвесторлар үшін әртараптандырудың қаншалықты маңызды екенін еске салған күн болуы мүмкін», – деді Bloomberg-ке Ritholtz Wealth Management стратегі – Кэлли Кокс.«S&P 500 құлдырап барады, бірақ бұл – ұзақмерзімді инвестор үшін ең жақсы жаппай сату», – деп атап өтті ол.