Volkswagen-мен келісімнен кейін, QuantumScape акциялары 30%-ға қымбаттады

Жарияланды
Volkswagen электромобильдеріне жаңа буындағы қатты денелі аккумулятор қойылады / Фото: Unsplash/Swansway Motor Group

Америкалық батарея өндіруші QuantumScape қағаздары Volkswagen-нің аккумуляторлық бөлімшесі – PowerCo-мен жасасқан жаңа келісімнің арқасында осы жылдың басынан бері үштен бірге қымбаттап, жоғалтқан ақшасын қайтарып алды. Автоконцерн QuantumScape технологиясы негізінде жаңа буын аккумуляторларын жаппай өндіруге лицензия алмақ деп хабарлайды Reuters.

Толығырақ

QuantumScape акциялары Volkswagen компаниясымен аккумулятор өндіру технологиясын автоконцернде пайдалануға келісім жасасқаннан кейін, 32%-ға жуық өсті деп жазады Reuters. QuantumScape-пен бірлесіп жасалған жаңа үлгідегі қатты денелі аккумуляторларды Volkswagen өз электрлік көліктеріне қоюға ниетті делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

Неміс автоөндірушісінің бағасы бейсенбі, 11 шілде күні, Германиядағы саудада 0,2%-дан сәл асты, оның Америкадағы бағасы да шамамен осындай.

Бұл келісімнің маңызы неде?

Қатты денелi батарея, сұйықтықты батареяға қарағанда, көбірек энергия ұстап тұра алады. Автоөндірушілер мен сарапшылар бұл технологияның енгізілуі бүкіл жаһанның электромобильге көшуін жеделдетеді деп күтеді.

Келісімге сәйкес, Volkswagen-нің аккумуляторлық бөлімшесі – PowerCo «техникалық прогреске қол жеткізу және роялти төлеу» шартымен QuantumScape технологиясы негізінде аккумулятор элементтерін жаппай өндіруге лицензия алмақ. PowerCo жылына 40 гигаватт сағатқа дейін өндіре алады, оны 80-ге жеткізуге мүмкіндігі бар. Бұл – жылына шамамен 1 млн автокөлікті аккумулятормен жабдықтауға жеткілікті көлем.

Volkswagen бұл мәміленің 2018 жылы екі компания арасында жасалған батарея әзірлеу жөніндегі келісімді алмастыратынын айтты. Автоконцерннің жылдық есебіне сәйкес, оның QuantumScape-дегі үлесі 17%, бұл – дәл қазір 459 млн доллар.

Акция жайы

Жыл басынан бері QuantumScape қағаздары арзандады, ал Volkswagen-мен шарт жасасқаннан кейін қайтадан әр акциясы 7 долларға бағаланып, айырылған ақшасын қайтарып алды. Соңғы 12 айда компания акциялары 31,4%-ға арзандады. MarketWatch мәліметінше, америкалық стартап акцияларын бақылайтын тоғыз сарапшының бесеуі оның қағаздарын ұстап отыруды, біреуі сатып алуды және үшеуі сатуды ұсынады. QuantumScape акцияларының бағасына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы – 6,1 доллар.

Сондай-ақ оқыңыз