Құбыр, шпал мен ескі вагондар: Қазақстан қара металл сынығын темір жолмен экспорттауға 6 айға шектеу қойды
Қазақстан металл сынығын темір жолмен экспорттауға 6 айға шектеу қояды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығында жазылған.
Қара металл сынығы мен қалдықтарын шетке әкетуге тыйым отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында салынады.
Қазақстанда қара және түсті металл сынықтары мен қалдығы – отандық 11 металлургиялық кәсіпорын қолданатын стратегиялық шикізат түрі.
Сонымен қатар қайта балқытуға арналған қара металдардың құймалары, легірленген болат, құрамында 8 %-дан жоғары никель бар болат қалдығы, ескі темір жол рельстері, шпалдар, жіксіз, қара металдардан жасалған құбырлар, теміржол локомотивтері немесе трамвайдың моторлы вагондарын шетелге тасуға тыйым салынады.
Әлемдік тәжірибеде металл қалдықтарын қолдану экологиялық таза және оны өңдеу кезінде энергия шығыны аз саналады.
«Бұйрық жобасында ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағынан қара металдардың сынықтарын көліктің темір жол түрімен әкетуге уақытша тыйым салу көзделеді», – деп жазылған түсіндірме жазбада.
Сәуір айында министрлік Қазақстан аумағынан қара және түсті металл сынықтарын әкетуге тыйым салу мерзімін тағы алты айға ұзартқан болатын.
Ол кезде шектеу алюминий, қорғасын сияқты материалдардың қалдығы мен сынығы, қорғасын аккумуляторлары, істен шыққан қорғасын аккмуляторлар, құрамында қорғасыны, кадмийі немесе сынабы бар материалдарға қатысты болған. Бұл металл қалдықтарын бүкіл көлік түрімен шет елге экспорттауға тыйым салынған.