Жаңалықтар

Медициналық сақтандыру төлемі алып тасталады: Ұлттық басқарушы холдинг пен ұлттық компаниялардың әкімшілік шығысына лимит енгізіледі

Фото: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан өзге басқарушы ұлттық компаниялар мен холдингтер, олардың құрамына кіретін ұлттық компаниялардың әкімшілік шығысына лимит енгізіледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің «Ашық НҚА» порталында орналастырған қаулысында жазылған.

«Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы» Үкімет қаулысына сәйкес, елімізде 2 ұлттық басқарушы холдинг бар: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. Жаңа қаулының ұлттық әл-ауқат қорына қатысы жоқ.

«Бәйтерек» холдингі» қазір 8 мекеменің 100 пайыз акциясына иелік етеді. Олар: Қазақстанның Даму банкі, «Qasaqstan» инвестициялық корпорациясы, «Отбасы банкі», «Қазақстан тұрғын үй компаниясы», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы, «Аграрлық несие корпорациясы» және Bereke Bank (2024 жылы банк қатарлық инвесторға сатылатын белгілі болды),

Сонымен қатар жаңа ереже «Самұрық-Қазынаныңә құрамына кірмейтін ұлттық компанияларға қатысты болмақ.

Жаңа ережеде бір қызметкерге төленетін медициналық сақтандыру құнын алып тастау ұсынылып отыр. Қазір қолданыстағы ережеге сәйкес, ол жылына 100 АЕК-тен (3 692 000 теңге) аспауы тиіс еді.

Сонымен қатар іссапарларға кететін шығын көлеміне де өзгеріс енгізілмек. Жаңа ережеге сәйкес, ұлттық холдингтердің басқарма мүшелеріне Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Байқоңыр, Шымкентте бір күндік тұрғын үйді жалға алғаны үшін айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен аспайтын өтемақы төленеді.

Облыс пен аудан орталықтары, аудандық маңызы бар қалалаға іссапарға жіберілген қызметкерлерге тұрғын үйді жалға беру лимиті өзгеріссіз қалды. Олар 5-7 АЕК-тен аспауы тиіс.

Ал басқарма құрамына кірмейтін қызметкерлер жоғарыда аты аталған қалаларға іссапармен барса, оған 7 АЕК көлемінде өтемақы төленеді. Ал облыс орталықтарына барғанда – 6 АЕК, ауданға барса 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төленеді.

Ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне бала (балалар) тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты 100 АЕК-тен аспайтын материалдық көмек төленбек.

Егер екі ата-ана да компанияның қызметкерлері болса, біржолғы материалдық көмек олардың таңдауы бойынша ата-аналардың біріне төленеді.

Қаулы жобасы 25 шілдеге дейін қоғамдық талқыға шығарылған.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі жекешелендірудің кешенді жоспарына өзгеріс енгізеді. Жекешелендіру тәсілдері бұған дейін де сарапшылар тарапынан бірнеше рет сынға ұшыраған. Оған өлшемдердің анық еместігі және объектілерді таңдау тәртібінің түсініксіздігі себеп болды.