Жаңалықтар

Миллиардер Әбілғазиннің әйелі Айдан Сүлейменова Ресей азаматтығынан бас тартты

гражданство
Кәсіпкер Айдан Сүлейменова Ресей азаматтығынан бас тартты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстандық миллиардер Данияр Әбілғазиннің әйелі Айдан Сүлейменова Ресей азаматтығынан бас тартты. Бұл туралы Ресей Федерациясы президенті Владимир Путиннің Ресей Федерациясының азаматтығын беру және одан айыру туралы жарлығында жазылған. Құжатқа бірінші болып «Агентство» басылымы назар аударған.

«Ресей Федерациясының азаматтығынан бас тарту туралы келесі тұлғалардың өтініші қанағаттандырылсын: 4) Айдан Төлеутайқызы Сүлейменова 1968 жылы 4 сәуірде Қазақстанда дүниеге келген», — делінген РФ президентінің жарлығында.

Қазақстандық Forbes дерегіне сәйкес, Айдан Сүлейменова Қазақстандағы  рантье-2023 рейтингінде 4,3 млрд теңге табысымен 8-орынды иеленген.

Айдан Сүлейменова – ADD Invest Properties компаниясының иесі. Осы компания арқылы ерлі-зайыпты Құлыбаевтармен бірге елордалық Keruen City сауда орталығы және Talan Gallery сауда орталығына иелік етеді. Сондай-ақ оған Keruen сауда орталығы мен Ақтөбедегі Keruen City сауда орталығының үлестері тиесілі.

Сүлейменованың жұбайы Данияр Әбілғазин 2024 жылы Қазақстанның ең бай адамдарының рейтингінде 380 млн доллар әл-ауқатымен 21-орынды иеленген. 

Айта кетейік, 2022 жылдың көктемінде Freedom Holding Corp негізін қалаушы Тимур Турлов Ресей азаматтығын Қазақстан азаматтығына ауыстырған.

2022 жылдың қыркүйегінде «Тройка Диалог» инвестициялық компаниясының бұрынғы иесі, әл-ауқаты 1,3 млрд долларға бағаланған Рубен Варданян Ресей азаматтығынан бас тартқан.

Қазан айында байлығы 7,3 млрд долларға бағаланған миллиардер Юрий Милнер де Ресей азаматтығынан бас тартып, Ресей 2014 жылы Украинаға аумағына кіретін Қырымды аннексиялағаннан кейін отбасымен Ресейден көшіп кеткенін айтқан.

Қарашада Revolut компаниясының басшысы, миллиардер Николай Сторонский мен «Тинкофф банктің» бұрынғы басшысы Олег Тиньков та Ресей азаматтығынан бас тартқан.