«Ақжайық» футболшылары Ақтөбедегі ойынға барудан бас тартып, жалақы төлеуді талап етті
Батыс Қазақстан облысы намысын қорғайтын «Ақжайық» футбол клубының ойыншылары Ақтөбедегі ойынға барудан бас тартқан. «Мой город» басылымының жазуынша, футболшыларға бірнеше ай қатарынан жалақы төленбеген.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы клубты қаржыландыру 400 миллион теңгеге дейін қысқарса, 2024 жылы ТЖ режиміне байланысты оларға мүлдем қаржыландырылмаған. Нәтижесінде 6 ай бойы клубтың жаттықтырушылар штабы ғана емес, кәсіби клуб ойыншылары да жалақысыз қалған.
«Ақжайық» ФК президенті Гүлдария Кауиеваның айтуынша, шілдеге дейін футболшылар алаңға жалақысыз-ақ шығып келген. Алайда 11 шілдеде олардың шыдамы таусылып, облыс әкімімен кездесіп, наразылық білдіруді қалаған.
«Бюджет жағдайы бүгінгі күнге дейін шешілмеді. Бізге мемлекеттік сатып алу туралы қайта конкурс жарияланып, рәсім шамамен екі айға созылады деп уәде берілген. Бірақ клуб қызметкерлері күте алмайды. Барлық мемлекеттік орган мәселемізді шеше алмады. Бүгін әкім Нариман Төреғалиевті тыңдап көреміз», – дейді Гүлдария Кауиева.
12 шілдеде Ақтөбедегі «Ақтөбе Жас» футбол клубымен «Ақжайық» арасында ойын өтуі керек болған. Спортшылар осы және өзге де матчтарға барудан бас тартқан.
«Мой город» ақпаратына сүйенсек, спортшылардың жалақысы 150 мыңнан 600 мың теңгеге дейін. Клубтың жалпы қарызы 400 млн теңге.
«Ақжайық» клубы қазақстандық QJ League-ға қатысушы командалардың бірі еді.