Қазақстандық кәсіби боксшы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегі үшін 350 мың доллар алады. Ал оның қарсыласы 200 мың долларға ие болады. Бұдан бөлек, екі боксшыға бонустар мен демеушілер тарапынан сыйақы беріледі. Бұл туралы Sportysalaries cайты жазған.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы алдыңғы жекпе-жектерінде Дэнни Динюм, Дензель Бентли және Стивен Батлер сияқты қарсыластарынан басым түскен болатын. Ендігі кезекте 14 шілде күні Жаңа Зеландиялық боксшы Андрей Михайловичке қарсы жекпе-жекте жеңіске жетуді көздеп отыр.
«Менің мақсатым – төрт белбеу. Бірден екі титулды бірінші рет қорғайтыным маңызды емес. Мақсатым – барлық төрт белбеуді жеңіп алып, содан кейін қорғау.
Жекпе-жекке келіскен Андрейге рақмет. Оның кейбір чемпиондардан айырмашылығы менімен жұдырықтасуға келісті. Андрейдің алдағы жекпе-жекте барын салатын жас, жеңіліп көрмеген мықты қарсылас екенін түсінемін. Менің де бұл жекпе-жекке дайындығым жақсы өтті. Әдеттегідей Калифорнияда жаттығу өткізіп, 4-5 түрлі спарринг серіктестерім болды. Олар маған жақсы дайындалуға көмектесті» – деді Әлімханұлы баспасөз мәслихатында.
Былғары қолғап иелерінің жекпе-жегі Лас-Вегастағы Palm Casino Resort аренасында өтеді. Кәсіпқой бокс кешін қазақ жанкүйерлері 14 шілде күні сағат 06:00-де «Qazsport» және 07:00-де «Qazaqstan» телеарнасының тікелей эфирінен көре алады.
АҚШ аренасында бағын сынап жүрген тағы бір қазақстандық MMA спортшысы Шавкат Рахмонов желтоқсанда өткен жекпе-жегінде 306 мың доллар(150 мың доллар – жекпе-жек үшін, 150 мың доллар – жеңісі үшін, 6 мың доллар – демеушілер бонусы) табыс тапқан. Оның қарсыласы Томпсон 416 мың доллар (400 мың доллар – жекпе-жек үшін, 16 мың доллар – демеушілер бонусы) алған.