Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызының түрмеде «бүлік шығарғаны» туралы ақпарат тарады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ислам Каримовтың қызы түрмеде қалай өмір сүріп жатыр / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Аружан Махсотова

8 шілде күні өзбекстандық блогер Кирилл Альтман Зәңгіата колониясында отырып шыққан бір әйелмен сұхбат жариялаған. Ол өзінің түрмеде Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнарамен бірген отырғанын, Каримованың түрмеде «бүлік шығарғанын» айтқан. 

«Ол жұмысқа шыққан кезде, бүлік шығарды. Одан кейін 2,5 сағат барлығымыз тұрып тұрдық. Бәлкім, оны сөккен болар. Оны ол жаққа отырғызбау керек еді. Ал ақыры отырған екенсің, тәртіп сақта. Бірақ ол тәртіпке бағына бермейтін», – дейді сұхбатта жазасын өтеп шыққан әйел. 

Блогердің сұрағына жауап берген әйелдің айтуынша, Гүлнара Каримова түрмеде жалпы отрядта жазасын өтеп жатса да, жағдайы жаман емес.

«Оның төрт кереуеті бар. Ол өз жататын жерін төсек жаймаларымен қоршап тастаған. Асханадан тамақтанбайды. Өз тамағын жейді. Азық-түлікті қап-қаппен үлкен мөлшерде жеткізеді. Қалағанын алдырады. Қысқасы, оның жағдайы жаман емес», – дейді сұхбат беруші.

2023 жылы күзде Гүлнара Каримованы үйқамаққа шығарған деген ресми емес мәлімет тараған. Сол кезде Гүлнара Каримова көбіне үйде тұратынын, түрмеде қажет болғанда ғана баратынын айтқан. Алайда мәлімет ресми түрде расталмады.

«Азаттық радиосы» өзбек қызметінің ақпаратына сүйенсек, әйелдер колониясы қызметкері Гүлнара Каримова мәселесі мекеме басшылығының бас ауруына айналғанын айтқан. Алайда ол экс-президент қызын үйқамаққа босатты деген мәлімет туралы ештеңе айтпаған.

Айта кетейік, 2015 жылғы 18 желтоқсанда Ташкент қалалық соты Гүлнара Каримованы 10 жылға, ал 2020 жылғы 18 наурызда тағы бір жаңа қылмыстық іс бойынша 13 жылға соттаған.

Сондай-ақ оқыңыз