Алматы әкімдігі метро құрылысы үшін Наурызбай ауданындағы жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмыстарын бастайды

Жарияланды
метро
Метро құрылысын жүргізу мақсатында жерлерді иеліктен шығару жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін жалғасады /Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Алматы қаласының әкімдігі метро құрылысын жүргізу үшін Наурызбай ауданындағы кейбір жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару шараларын бастайды. Бұл жайлы әкімдіктің жер комиссиясы шығарған қаулыда жазылған.

Бұл ауданның жерлері метроның бірінші желісінің үшінші кезең жұмыстарын бастау үшін алынады.

«Метрополитеннің бірінші желісінің үшінші кезеңіндегі нысандар құрылысын және көлік торабын салу үшін Қалқаман станциясынан Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы «Барлық» базарына дейін орналасқан жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару шаралары басталсын»,  – деп жазылған құжатта.

Мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмыстары 2026 жылғы 31 желтоқсанына дейін созылады. Бұл жерлерде орналасқан меншік иелері Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Абай даңғылы 90 мекенжайында орналасқан мекемеге осы мәселе бойынша жүгіне алады.

Қаулыға сәйкес «Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі:

  • заңда белгiленген тәртiппен жер учаскелерiнiң меншiк иелерiн хабардар етуге және жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне өтемақы төлеудi қамтамасыз етуге;
  • жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі іс-шаралар аяқталғаннан кейін жер учаскелерін «Алматы қаласының Білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балансына беруге міндеттеледі.

Еске сала кетсек, Алматы қаласындағы «Қалқаман» метро станциясының құрылысы 2,5 жылға созылды. Осыған орай жоба қымбаттап, оны қайта бағалау қажет болатыны жайлы депутат Сергей Пономарев айтты. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде жоба қымбаттаған, сәйкесінше қайта бағалау мен мемлекеттік сараптаманы қажет етеді. Депутаттар заңнамалық деңгейде қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне көмектесетін болып келісті.

Сондай-ақ оқыңыз