Сот «Қазақстан» қонақүйінің иесін мәдени маңызы бар аумақта орналасқан су бұрқақты қалпына келтіруге міндеттеді

Жарияланды
фонтаны
«Қазақстан» қонақүйінің иесі су бұрқақтың орнына бассейн салған / Коллаж: kursiv.media (Алматы қаласы әкімдігі), бильд-редактор: Артур Алескеров

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Қазақстан» қонақүйінің иесін мәдени маңызы бар субұрқақты жаңғыртуға міндеттеді. Бұл жайлы Жоғарғы соттың телеграм арнасында хабарланды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы қонақүй иесінен су бұрқақты жаңғыртуды талап еткен. Алайда қонақүйге иелік ететін компания жаңғыртуға қатысты әкімдік бекіткен нұсқамаларды орындаудан бас тартқан.

Бұл компания «Қазақстан» қонақүйіне іргелес аумақта субұрқақты жаңғырту жұмыстарын жобалау-сметалық құжаттамасыз және сараптама қорытындысынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз жүргізген. Қаланың сәулет талаптарына сәйкес қонақүй субұрқаққа қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуі керек болған. Алайда меншік иесі бұл талаптарды бұзып, субұрқақ орнына бассейн құрылысын бастаған. Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстарын рұқсат беру құжатынсыз жүргізілген.

Осыған байланысты басқарма қонақүйдің иесін сотқа берген.  

«Басқарма қонақүйдің «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 17-бабы 1-тармағының 4, 4-1, 6) тармақшаларын бұзғанын атап көрсетіп, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап қойды», – деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Компания субұрқақты өз бетінше жаңғырту жөнінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы басқарма нұсқамасын орындау бойынша шаралар қабылдамаған. Сот бұл субұрқақтың Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген қонақүй ғимараты кіретін қорғалатын аймақта орналасқанын ескере келе Алматы әкімдігінің талаптарын орынды деп тапқан.

«Сот осы жағдайларды ескере отырып, қойылған талапты қанағаттандырды және тапсырыс берушіні басқарманың бұйрығын орындауға мәжбүрледі», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, Алматы әкімдігінің тарихи субұрқақ орнына бассейн жасаған «Қазақстан» қонақүйінің иесін сотқа бергені жайлы «Курсив» жазған болатын. Әкімдік хабарлауынша, қонақүйдің жанында көрсетілген субұрқақ ескерткіш емес, алайда күзет аймағында орналасқаны себепті «Қазақстан» қонақүйінің ғимараты Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы қаулысына сәйкес, Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Осыған байланысты, нысан аумағында қандай да бір құрылыс немесе жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін меншік иесі тиісті ғылыми-жобалау құжаттамасын дайындау және ғылыми-реставрациялау жұмыстар жүргізу қажеттілігін негіздеуі қажет болған.

Сондай-ақ оқыңыз