Жаңалықтар

Құны 1 млрд теңгеге жуық «Сарыарқа» хоккей клубы мемлекет меншігіне қайтарылды

"Сарыарқа" хоккей
«Сарыарқа» хоккей клубы 900 млн теңгеге бағаланды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор-Ахтам Зиперов

Қарағанды облысының прокуратурасы құны 900 млн теңге болатын «Сарыарқа» хоккей клубын мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл жайлы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Прокуратура заңсыз берілген 37 жер телімін, сондай-ақ құны 900 миллион теңгені құрайтын «Сарыарқа» хоккей клубын мемлекет меншігіне қайтарды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі таңда прокурорлар мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің заңдылығын тексеріп жатқаны айтылған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында заңсыз алынған және жекешелендірілген барлық мемлекеттік мүлікке қатысты прокурорлық қадағалау және ден қою шаралары қабылданады.

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң аясында біраз мүлік мемлекет меншігіне өтті. Активтер еліміздің ірі ойыншылары саналатын Қайрат Сатыбалдыұлынан, Қайрат Боранбаевтан, Болат Назарбаевтан қайтарылды. Қайтарылған активтер арасында әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен шетелден алынған қаржы да бар.  

Ал 2024 жылдың қаңтарында үкімет 1,4 трлн теңгені құрайтын күмәнді операциялар тексеріліп жатқанын хабарлады.

2023 жылдың қараша айында үкімет үйі 1 трлн теңгенің елге қайтарылғаны туралы есеп берген еді. Оның шамамен 600 млн доллары басқа юрисдикциялардан қайтарылған. Мысалы, БАӘ-ден шамамен 15 млн доллар, Австриядан 82 млн доллар, Лихтенштейннен 260 млн доллар, Гонконгтан 2 млн доллар қайтарылды.

Экономиканы демонополизациялау бойынша жүйелі жұмыстар нәтижесінде республикалық меншікке ірі 14 акционерлік қоғам, ЖШС акция пакеттері мен қатысу үлестері қайтарылған. 7 ғимарат, 162 теміржол мен теміржол нысаны, автомобильдер, ақшалай қаражат пен басқа да мүліктер өткен.