Осы жылы шетелдік экстремистік топтың үгіт-насихатына ерген Ақтау тұрғыны мемлекеттік мекемелердің бірінде жарылыс ұйымдастыруды көздеген. Бұл жайлы Ұлттық қауыпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев отандық басылымға берген сұхбатында айтқан.
Комитет басшысының айтуынша, құзырлы орган екі террорлық әрекеттің алдын алған. Соның бірі – Ақтауда, екіншісі шетелде жасалуы керек болған. Бірақ комитет қызметкерлері дер кезінде қастандықтың алдын алып үлгерген.
«Бірінші террористік акт Ақтауда тоқтатылды. Мұқият жедел зерттеудің нәтижесінде қала тұрғындарының бірі радикалды діни идеологияны ұстанушы ретінде назарға ілінді. Ол бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған. Интернеттегі шетелдік содырлардың үгіт-насихатының ықпалымен мемлекеттік органдардың бірінің ғимаратында жарылыс жасамақ болған. Қолдан жарылғыш құрылғы жасауға арналған компоненттерді, соның ішінде жанғыш және өзге де химиялық қоспаларды, сондай-ақ зақымдау элементтерін – бұрандамалар мен шегелерді сатып алған. Тінту барысында оның үйінен дайын жарылғыш заттар салынған 4 ыдыс және террористік актіге дайындық фактісін дәлелдейтін басқа да айғақтар табылып алынды», – дейді ҰҚК төрағасы.
Ал шетелде террористік акт ұйымдастыру көзделгенін ҰҚК қызметкерлері алдын-ала біліп, жедел түрде шетелдегі әріптестеріне хабарлаған. Нәтижесінде ол елдің жауапты органдары бұл жайтты тексеріп, қаскүнемдердің расымен террорлық әрекет ұйымдастыруды көздегенін анықтаған. Осылайша қылмыстың жолы кесілген.
«Терроризмнің шекарасы жоқ, сондықтан шетелдік арнаулы қызметтермен ақпарат алмасу мәселелері өте маңызды», – дейді Сағымбаев.
Комитет басшысының айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік органдарының қарқынды жұмысының нәтижесінде осы жылы террористік қылмыс жасағаны үшін 32 адам сотталып, тағы 23-і тергеліп жатыр. Ал діни радикалдар қатарынан шамамен 170 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне тосқауыл қойылған.
Сағымбаев өз қарамағындағы қызметкерледің есірткімен де қарқынды күрес жүргізіп жатқанын айтқан. Атап айтқанда, осы жылдың 6 айында ҰҚК 800 келіден астам синтетикалық есірткі мен 13 тоннадан астам химиялық реагентті заңсыз айналымнан шығарған. Сонымен бірге 16 жасырын зертхана, 24 халықаралық және 17 өңірлік есірткі арнасы жойылған.
Еске сала кетсек, 29 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиында Ермек Сағымбаев мемлекет басшысына ведомствоның биыл жыл басынан бері терроризмге және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысының негізгі нәтижелері және алдағы кезеңде қабылданатын шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ отырыс барысында тыйым салынған діни әдебиеттерді елге заңсыз әкелуге қатысты 190-нан астам әрекетке тосқауыл қойылып, 19 шетелдік жауапқа тартылғаны айтылды. Заңсыз айналымдағы 237 атыс қаруы, 27 жарылғыш құрылғы, 4500-ден астам оқ-дәрі және басқа да террор құралдары тәркіленген.