Сотқа жүгінген грузиялық компания қазақстандық мұнай терминалынан 1,5 млрд теңге өндіріп алды

Жарияланды
Арнайы жобалар редакторы
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сонау 2005 жылы «Грузия темір жолы» АҚ (ГТЖ) тарапынан басталған сот талқысы барысында «ҚазТрансОйл» ақыры жеңіліске ұшырады. Қазақстандық компания ГТЖ алдындағы 1,43 млрд теңге сомасындағы міндеттемелерін мойындаумен қатар, Грузия елінің қазынасына айыппұлы есептелген 760 млн теңгеге жуық салық төлейтін болды.

«Тығырықтан» басталған талап

ГТЖ мемлекеттік кәсіпорнының Батуми мұнай терминалымен (БМТ) арадағы өзара текетірес-талқысы 2005 жылы, яғни «ҚазТрансОйл» АҚ («ҚазМұнайГаз» ҰК еншілесі) терминалдың 100%-ын толық сатып алғанға дейін үш жыл бұрын басталған-ды. Сотқа жүгінген ГТЖ мемлекеттік кәсіпорны сол кезде БМТ-дан 13,9 млн лари (1,39 млрд теңге) талап етті. ГТЖ есептеуінше, 2003 жылдың мамыры мен 2005 жылдың қарашасы аралығында компанияға тиесілі темір жол тығырықтарында тұрған вагон-цистерналарды пайдаланғаны үшін БМТ оларға дәл осындай сома қарыз болса керек.

Сот талқысының жетінші жылында соттың бірінші инстанциясы темір жол компаниясының талабын қанағаттандырусыз қалдырғаны туралы «мәре-сәре» хабарлар кең тарап кетті. «Соттың пайымынша, жауапкер тарапынан келісімшарт талаптарын бұзуға жол берілгені туралы ГТЖ жеткілікті дәрежеде дәлел ұсына алған жоқ. Тбилиси қалалық сотының шешіміне 30 қарашаға дейін шағымдануға болады», – деп жазды сол тұста Forbes.kz. Әлбетте, ГТЖ бұл мүмкіндікті босқа жібермей, соттың бірінші инстанциясының шешіміне апелляциялық шағым түсірді. Өз кезегінде апелляциялық сот та БМТ жағына шықты, бірақ ГТЖ өз талабынан бәрібір бас тартқан жоқ, ол соттың келесі деңгейдегі жоғары сатыларына шағымдануды жалғастыра берді.

«2014 жылы Грузияның Жоғарғы соты ГТЖ-ның кассациялық шағымын қанағаттандырып, іс төменгі сот инстанцияларында қайта қаралуға жіберілді», – деп көрсетілген «ҚазТрансОйлдың» 2014 жылғы есебінде. Анығын айтқанда, бұл «ҚазТрансОйлдың» жылдық есебінде осынау сот ісі туралы алғаш рет мәлім етілген дерек болатын. Содан бері компания ГТЖ шағымын негізсіз деп санайтынын және бұл мәселеге қатысты қандай да бір шығын шығады деп күтпейтінін бір есептен екінші есепке көшіріп, мәлімдеумен келді. Дегенмен арада бес жыл өткенде оптимистік сенім біршама бәсеңсіп қалғандай көрінді: 2019 жылы сот ГТЖ шағымын ішінара қанағаттандырғаны мәлім болды. Бұл тұрғыда грузин валютасы түріндегі талап сомасы да біржарым еседей қысқартылды – 13,9 млн лариден 8,4 млн лариге дейін (сол тұста 1,13 млрд теңге шамасындағы сома).

Бұл шешіммен келіспеген БМТ 2020 жылдың сәуірінде Грузияның Жоғарғы сотына кассациялық шағым жолдады. Алайда арада үш жарым жыл өткенде, яғни 2023 жылдың қарашасында Грузияның Жоғарғы соты БМТ шағымы «қарауға жатпайды» деген қорытындыға келді. Сөйтіп ГТЖ мен БМТ арасында 18 жылға созылған сот талқысының соңғы нүктесі қойылды. «Осыған орай, 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, Топ 8,4 млн грузин лариі сомасындағы міндеттемелерді мойындады (3. 136 мың АҚШ долларына немесе 1. 430. 675 мың теңгеге сай сома)», –  деп мәлімдеді өз есебінде «ҚазТрансОйл».

Шындап келгенде бұл соманы БМТ да, «ҚазТрансОйл» тобы да «көтере алады» деуге негіз бар. 2023 жылы Батуми мұнай терминалының шоғырландырылған таза пайдасы 1,1 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» тобының банк шоттарында 1,33 млрд лари болса, жалпылай алғандағы ақшалай қаражат 85,9 млрд теңгені құрады. Осы кезеңде грузин бизнесінен түскен кіріс 2,6 млрд теңгеден асты, оның ішінде мұнайды ауыстырып тиеуден, яғни БМТ жұмысынан түскен 461,9 млн теңге де бар.

Кіріс қызметінің назарында…

Айтпақшы, Батуми мұнай терминалы Грузияның тағы бір мемлекеттік құрылымымен, яғни Қаржы министрлігінің Кіріс қызметімен де ауық-ауық айтысып жатады. 2018 жылы Грузияның салық органдары БМТ қызметін 2015 жылдан 2018 жылдың І тоқсанына дейінгі кезең бойынша тексеруден өткізіп, нәтижесінде кәсіпорынға 1,73 млн доллар (662,65 млн теңге) көлемінде қосымша салықтар мен айыппұлдар есептелді. Өз кезегінде компания Қаржы министрлігінің дау-дамайды қарау жөніндегі кеңесіне осыған қатысты шағым түсірді. 2019 жылдың қыркүйегінде Кеңес бұл шағымды ішінара қанағаттандырғаны белгілі болды. Бірақ БМТ бұл шешіммен келіспей, 2019 жылдың қазанында Кеңестің қалған сомалар бойынша шешіміне қатысты сотқа шағымданды.

«2019 жылдың 9 желтоқсанында Грузияның салық қызметтері тарапынан қосымша салықтар мен өсімпұлдарды 123 мың АҚШ долларына дейін азайту туралы шешім қабылданды (47. 058 мың теңгеге сай сома), ал олар шоғырландырылған қаржылық есепте 2019 жылдың желтоқсанында мойындалған», – деп көрсетеді «ҚазТрансОйл» өз құжаттарында.

Бұдан кейін БМТ екі жылдай тыныш жұмыс істеп жатты, алайда 2021 жылдың желтоқсанында компанияға Кіріс қызметінен салықтық тексеру бойынша жаңа акт келіп жетті: 2018 жылдың 1 шілдесі мен 2021 жылдың 15 ақпаны аралығындағы кезеңге қатысты. Бұл жолы Батуми мұнай терминалына 2,6 млн лари көлемінде (366,63 млн теңге) салықтар мен айыппұлдар «үстемелеп» жүктелді. Келесі 2022 жылды компания тексеріс нәтижелеріне шағымданумен өткізді. Ал желтоқсан айында дау-дамайды қарастыру жөніндегі кеңес Кіріс қызметі 2,124 млн лари (368,05 млн теңге) көлеміндегі салықтар мен айыппұлдардың есептелуін қайта қарауы тиіс деген шешімге келді, бірақ БМТ шағымының қалған бөлігі қанағаттандырылған жоқ. Компания сотқа жүгінуді жалғастыра берді. «Басшылық апелляция нәтижесі ойдағыдай болады деп күтеді», – деген үмітте «ҚазТрансОйл» өкілдері.

Салық төңірегіндегі дау-дамай

«ҚазТрансОйлдың» Грузияда тағы бір активі бар: Батуми мұнай терминалы арқылы компания Батуми теңіз портын да басқарады, бірақ бұл айлақ Грузия Республикасының меншігінде. Салық мәселесіне қатысты дау-дамайдан «Батуми теңіз порты» ЖШҚ (БТП) да сырт қалған жоқ. Айлақтың бұл тұрғыдағы проблемалары 2015 жылдан бастау алады, яғни Грузия қаржы министрлігінің Кіріс қызметі Батуми теңіз портының 2010–2014 жылдардағы жұмысын тексеріп бастаған кезден. Салық органдары тарапынан кәсіпорынға 7,289 млн лари (сол кезде 1,24 млрд теңгеге сай сома) көлемінде қосымша салықтар мен айыппұлдар есептелді. Компания мұнымен келіспей, сотқа шағым түсірді.

«Есептелген салықтар 2017 жылы Грузия кіріс қызметінің аудит департаменті шешімімен 1,667 мың АҚШ долларына дейін қысқартылды (637.777 мың теңгеге сай)», – деп көрсетілген «ҚазТрансОйл» құжаттарында.                                                                         

Әрине, БТП мұнымен шектелген жоқ, ол Кіріс қызметіне қарасты тағы бір орган – дау-дамайды қарастыру жөніндегі кеңеске жүгініп, әрі қарай шағым жолдады. 2019 жылдың қыркүйегінде Кеңес Батуми теңіз портының айыппұлдарға қатысты шағымын ішінара қанағаттандырғаны белгілі болды. Бұдан кейін, яғни 2019 жылдың қазанында БТП Кутаиси қалалық сотына шағымданып, 2020 жылы  салық органдары тарапынан шығарылған белгілі бір шешімге қол жеткізді (шешім сипаты құжаттарда көрсетілмеген). Осылайша, 2015 жылдан 2020 жылға дейін созылған сот талқысы қосымша есептелген салықтар мен айыппұлдар сомасын 20%-ға дерлік, яғни 5,915 млн лариге дейін (1,009 млрд теңге) қысқартуға мүмкіндік берді. 2023 жылдың соңында БМП 4,445 млн лари (758,7 млн теңге) көлеміндегі салық міндеттемелерін мойындады.

«1, 470 мың грузин лариі көлеміндегі қалған сома (250.914 мың теңгеге сай) қосымша міндеттеме ретінде мойындалған жоқ. Өйткені компания басшылығы БТП шағымы ойдағыдай қанағаттандырылады деп есептейді және бұл тұрғыда қаржы ресурстарының сыртқа кету ықтималдығы екіталай деп бағалайды», –  деп өз есебінде мәлімдеген «ҚазТрансОйл» тобы Грузияның кіріс қызметімен арадағы дау-дамайға қатысты сотқа жүгінуді жалғастыра беретінін уәде етті.

Байқауымызша «ҚазТрансОйл» Грузиядағы салық төлеуге қатысты сот талқысын егжей-тегжейлі көрсеткісі келмейтін секілді. Бірақ бұл мәселенің трансферттік баға белгілеуге қатысы бар деп пайымдауға болады. Грузиядағы салық міндеттемелері бойынша есеп беру бөлімінде компания: салық органдары салық салу мақсатында нарықтық бағаларды қолдану туралы шешім қабылдауы мүмкін, егер мәміле өзара байланысқан тараптар арасында жасалынған болса деп көрсетеді.

«Грузияның Салық кодексінде тауарлар мен қызметтердің нарықтық бағасын анықтау бойынша белгілі бір нұсқаулар бар болғанымен, анықтау тетігі жеткілікті түрде әзірленбеген және Грузияда трансферттік баға белгілеу бойынша жеке заңнама жоқ. Мұндай екіұштылық өзара байланысты тараптар арасындағы операцияларға салық салуды қарастыру кезінде салық органдары ұстануы ықтимал позицияға қатысты белгісіздік жағдайын тудырады», – деп түсіндіреді «ҚазТрансОйл» өкілдері.

Айта кету керек, бұл арада әңгіме Батуми мұнай терминалының Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген еншілесі Petrotrans Limited компаниясы туралы, ол жүктерді транскавказ дәлізі бойынша экспедициялау қызметімен айналысады.

«Топ субъектілері арасындағы мәмілелер бойынша баға белгілеу нарық жағадайына сай жүзеге асырылатынын негіздейтін компанияның елеулі аргументтері баршылық деп есептейді басшылық, алайда нарықтық бағаларды анықтау үшін заңнамалық базаның болмауы себепті салық органдары бұл мәселеде Топ ұстанымынан өзгеше позицияға ден қоюы мүмкін», – деп келтіреді өз ойын «ҚазТрансОйл» өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыз