Жаңалықтар

ЖОО-ларда құжат қабылдау басталады: биыл 78 219 грант бөлінді

2023-2024 оқу жылына ЖОО-да оқу үшін 78 219 грант бөлінді /Коллаж kursiv.media

2023-2024 оқу жылына ЖОО-да оқу үшін барлығы 78 219 грант бөлінді. Оның ішінде Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастарына 3903 орын арналады.

Ұлттық тестілеу орталығының ақпараты бойынша мемлекеттік білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін талапкерлер 13-24 шілде күндері құжат тапсырады.

Конкурсқа қатысу үшін өтінішті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары, сондай-ақ онлайн режимде «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады.

Сондай-ақ халқы тығыз орналасқан, батыстағы және жаңадан құрылған өңірлерден жастарды оқыту үшін 5000 нысаналы грант бөлінді. Гранттар педагогикалық ғылымдар, математика және статистика, жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бағытталды:

  • Атырау облысынан келгендер үшін – 1500 грант,
  • Маңғыстау облысынан – 2000,
  • Түркістан облысынан – 600,
  • Абай қаласынан – 300,
  • Шымкент қаласынан – 300,
  • Жетісу қаласынан – 300,
  • Ұлытау облысынан – 300 грант.

Шалғай өңірлерден келген талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Олар бейнебайланыс арқылы консультация береді және конкурсқа құжаттарды тапсыруға көмектеседі.

Барлық гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға тиесілі. Басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» (19 344 грант), «Педагогикалық ғылымдарға» (13 735), «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (10 903), «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға» (8 288) сараланды.

Биыл алғаш рет министрлік ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар бермек. Мұндай грант түрлері «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» салаларына беріліп отыр. Бұл бағытқа 150 орын беру көзделген.

Мүгедектігі бар, көп балалы отбасынан шыққан немесе ата-анасынан айырылған түлектер арнайы квотамен мемлекеттік грантқа түсе алады. Бұл туралы KURSIV MEDIA KZ-ке сұхбат берген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабылдау комиссиясының өкілі Айдар Жұмалипов айтты.

Квотаға ілінетін топ өкілдері:

  • Көп балалы отбасы;
  • Толық емес отбасы;
  • Ата-анасы жоқ балалар;
  • Қандастар;
  • I, II, III топтағы мүгедектігі бар түлектер; 
  • Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға қатысты құжат;
  • Ауыл квотасы;

Комиссия өкілінің айтуынша, квота бойынша сіздің алған ҰБТ балыңызға балл қосылмайды. Квота бойынша бөлінген орындарға тапсырған талапкерлер арасында конкурс болады. Кімнің балы жоғары сол өтеді.