Зейнетақы жүйесіне қатысты өзгерістер туралы нақты шешім жыл соңына дейін қабылданады. Бұл жөнінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов хабарлады.
Ұлттық банк, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, бұрын Қаржы министрі болған Болат Жәмішев пен аталған банктің экс-төрағасы Григорий Марченко құрамына енген жұмыс тобы бір тұжырымға келмек.
«Қазақстанның зейнетақы жүйесі жетілдіруді қажет етеді. Бұл туралы Үкіметтің әлеуметтік блогының өзі айтады, сарапшылар да айтады, мұны біз де білеміз. Қазіргі жүйе тұрақты, бірақ алдағы уақытта біраз қадамдар жасамасақ, белгілі бір мәселелер туындауы мүмкін. Қазір үшеуміз – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық банк және бір топ мамандар жұмыс істеп жатырмыз. Біз жыл соңына дейін жалпы зейнетақы жүйесі бойынша кейбір шешімдерді қабылдағымыз келеді. Ал мерзімінен бұрын пайдалану тәртібіне қатысты қандай шара қабылданатыны сол кезде белгілі болады», – деді Сүлейменов.
Сарапшылар тобы Қазақстанның қаржы тұрақтылығы мен зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар дайындап, Президент қарауына жолдады. БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңестің 27-отырысында зейнетақы төлемін есептеу үшін ең төменгі жалақыны негізге алуды ұсынды. Оған қоса зейнетақының бір бөлігін ерте пайдаланудың салдары ауыр болатынын ескертті. Сарапшылар ұсынысын Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов талдады. Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес, бұл міндетті зейнетақы жүйесі қамсыз қарттықты қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда Темірхановтың пікірінше, халықтың тұрғын жағдайын жақсартуға жинақтардың бір бөлігін алу үлкен мәселе туғызуы мүмкін.
2021 жылы Қазақстан зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға рұқсат берді. Бұл ақшаны баспана алуға немесе емделуге ғана алуға болады. Қазіргі уақытта Еңбек министрлігінің мәліметінше, бұл қызметті 1,5 миллион адам пайдаланған. Осы уақыт ішінде БЖЗҚ-дан 3 триллион теңге шығарылды.
БЖЗҚ 2024 жылғы қаңтар-маусым айларында барлығы 176,7 мың өтінішті өңдеді. Оның нақты сомасы 199,4 млрд теңгені құрады. Зейнетақы қоры деректеріне сүйенсек, салымшылар бұл қаражаттың шамамен 60%-ын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алған. 2023 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда көрсеткіш артқан. Алынған қаражаттың жалпы сомасы 2,6 есе, өтініштер саны 3,7 есе өсті.