Антикор Әділет экс-министрі Марат Бекетаев пен Мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапановқа қатысты тергеудің аяқталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысы 107 басшылық қызметтегі лауазымды тұлғаның қылмыстары әшкереленді. Аталған лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам мөлшерде залал келтірілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биылғы бірінші жартыжылдықтың нәтижелерін жариялады. Антикор мәліметінше, ағымдағы жылы агенттік 876 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген. Оның басым бөлігі парақорлықпен, жымқырумен және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланумен байланысты.
«Әкімдіктердің, квазимемлекеттік сектордың және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жемқорлыққа барынша бейім. Жемқорлық тәуекелдері жоғары салаларға білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жатады. Агенттік жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен қылмыстық схемаларды әшкерелеуге байланысты сандық емес, сапалық көрсеткіштерге бағдарланған»,- делінген Антикор есебінде.
Сондай-ақ Антикор лауазымды тұлғалардың қатысуымен жасалаған қылмыстық схемалар бойынша 592 адам әшкереленгенін, оның ішінде 107-і басшылық қызметте болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Әділет экс-министрі Марат Бекетаевтың ісі бойынша тергеу аяқталғанын жариялады.
«Олардың ішінде бұрынғы министрлер, вице-министрлер, комитет төрағалары, облыстық басшылар бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әділет экс-министріне және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Ол жеке компанияның басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деп күдіктенеді», – деп хабарлады ведомство.
Агенттік бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен мердігер ұйымның басшылығына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтаған. Бұл істердің әрқайсысы бойынша мемлекетке келген залал 1 млрд теңгеден асады.
«Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша ҚР ТЖ жөніндегі бұрынғы бірінші вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Ол ҚР ТЖМ әскери бөлімінің қолбасшылығына және Қарағанды облысы ТЖ департаментінің лауазымды тұлғаларына жеке үй салу үшін әскери қызметшілер мен арнайы техниканы тарту туралы заңсыз нұсқаулар берді деп күдіктелуде. Зерттеу нәтижелері бойынша Бас әскери прокуратура қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Ақмола гарнизонының әскери сотына жіберді», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Н.Т.Жүнісов және оның қарамағындағы балық ресурстарын қорғау басқармасының басшысы Е.К. Суықбаевтың сотталғанын еске салды. Сот үкімімен оларға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымен қатар олар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Олар жалпы қамқорлығы үшін 2021 жылдан 2024 жылдың ақпанына дейін шағын және орта бизнес өкілдерінен жүйелі түрде пара алды деп айыпталды.
Айта кетейік 28 маусымда Антикор мемлекет мүлкін ұрлады деген күдікпен бір жыл іздеуде болған азаматты ұстады. Күдікті Бішкекте қолға түсті. Агенттік мәліметінше, ол бұрын сот үкімімен тәркіленген үш үй мен екі пәтер түріндегі мемлекеттік мүлікті жымқырды деген күдікке ілінген.