«Есірткі қолданып, соғысқа қатысқан»: Еліміздің төрт өңірінде діни радикалдар ұсталды
Еліміздің төрт өңірінде діни радикалдар ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті террористік әрекеттер ұйымдастырды деген күдікпен 5 адамды анықтады, оның біреуі шетелдік.
Шілдеде Астана, Шымкент қалаларында, Атырау, Жамбыл облыстарында ҰҚК, прокуратураның үйлестіруімен және полиция көмегімен діни радикалдардың әрекеттерінің жолын кесу бойынша операциялар өткізді.
«Жедел қызметкерлер террористік әрекеттерге қатысуға, терроризмді насихаттауға, экстремистік әрекеттерді ұйымдастыруға және осы мақсатта адамдарды тартуға күдікті ретінде Қазақстанның 4 азаматын мен 1 шетелдікті ұстады және қамауға алды»,- деп хабарлады ҰҚК.
Олардың тұрғылықты жерлерінен көптеген діни-экстремистік әдебиет пен өзге де заттай дәлелдеме алынды.
Айта кету керек, күдіктілердің бірі бұған дейін шет мемлекеттің аумағында соғыс әрекеттеріне қатысып, сол қылмысы үшін Қазақстанда сотталған.
Тағы екеуіне қатысты «ауыр» есірткіні үнемі қолданғаны туралы ақпарат тексерілуде. Бүгінде Қылмыстық кодекстің 256, 257, 259 және 405-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Еске салсақ, 2023 жылы 22 желтоқсанда ҰҚК өкілдері Алматы әуежайынан радикалды діни ағым өкілін ұстады. ҰҚК-нің хабарлауынша, бұрын ол ұрлық, зорлау фактісі бойынша және кісі өлтіргені үшін сотталған болып шықты. Бостандыққа шыққаннан кейін радикалды идеологияның ықпалына түсіп, террористік топтардың құрамына қосылу үшін Сириядағы соғыс аймағына бару туралы шешім қабылдаған. Сондай-ақ ол террористік әрекеттерді қаржыландырды деген күдікке ілінді.