Ресейден Қазақстанға әкелінетін арақ импорты 2024 жылдың бірінші тоқсанында екі есе өсті
Қазақстандық нарықта Ресей арағы көбейіп барады. Солтүстiктегі көршiнiң үлесi негiзiнен басқа елдерден жеткiзiлетін арақ санының қысқаруы есебiнен өсіп жатыр. Алайда QazSpirits қауымдастығы РФ брендтерінің отандық өндірушілерге де қысым түсіріп жатқанын айтады.
Көршінің «шөлін» басу
Соңғы бес жылда Қазақстанға жалпы арақ импортындағы Ресейдің үлесі 2019 жылғы 55,2%-дан 2023 жылы 81,1%-ға дейін өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы төрт айында РФ-дан ҚР-ға 3,4 млн литр арақ әкелінген.
ҚР-да экспорттың өсуі туралы ресейлік өндірушілер де айтып отыр. РФ-дағы Алкогольді ішімдік өндірушілер одағының президенті Игорь Косарев РБК-ға ресейлік араққа АҚШ, Англия, Канада және Еуропада эмбарго қойылуына байланысты бұрын осы нарықтарда жұмыс істеген компаниялар экспорттық жеткізілімдерін Таяу Шығыс, ТМД елдері, сондай-ақ Үндістан мен Қытайға бұрғанын айтты.
Бұл үрдісті қазақстандық алкогольді және никотинді өнім өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығы – QazSpirits те байқап отыр.
«Жыл бойы арақ импорты құрылымында маусымдық және неше түрлі нарықтық күрделі флуктуация байқалуы мүмкін. Қазіргі нақты жағдай мынау: Батыс нарығындағы едәуір үлесінен айырылған ресейлік өндірушілер, Қазақстанды қоса алғанда, жолы ашық елдерге экспорттау арқылы сол шығындарын ішінара өтеуге тырысып жатыр», – дейді QazSpirits атқарушы директоры Дмитрий Жуков.
Оның айтуынша, РФ-мен сауда жасауға шектеу енгізілгенге дейін Еуропа мен Солтүстік Америка нарығында ресейлік арақ жыл сайын 100 млн долларға сатылып отырған. Кейін сұраныс күрт азайған кезде ресейлік өндірушілердің қоймасы аузы-мұрнынан шыға толып қалған.
«Ал бірінші тоқсанда РФ-дан әкелінер арақтың көбеюі дәстүр бойынша жаңа жылдық маусымнан кейін неликвидтен құтылуға ұмтылудан болып отыр. Мұны жеңілдікпен сатылатын оппортунистік импорт деуге болады: бұл өнімді импорттаушылардың көбі – елге бірінші рет келгендер. Оның үстіне негізгі мөлшерлеме де (РФ-дағы. – «Курсив») қайтадан көтеріліп, айналым капиталының құны күрт көтерілген ресейлік өндірушілерге қысым түсіріп жатыр», – деп қосты Жуков.
Статистика тұтыну жағында
Негізінде, Ресей арағының үлесі жергілікті өндірушілерді ығыстырғаннан емес, басқа елдердегі өндірушілердің үлесін «жеп қоюдың» есебінен өсіп жатыр. Атап айтқанда, соңғы жылы Беларусия (1,7 млн литрден 311 мың литрге дейін) мен Қырғызстаннан (776 мың литрден 61 мың литрге дейін) әкелінетін арақ импорты қысқарды.
Дей тұрғанмен де, Жуковтың айтуынша, отандық өндірушілер импорттың қысымын сезіп-ақ отыр: «Бізге ірі нарықтардың артық өнімі келіп түсетін мұндай оппортунистік импортпен бәсекелесу өте қиын».
Қазақстандық нарықтағы ресейлік арақтың өтімділігі басқа елдерден әкелінетін ішімдіктерден гөрі арзандығында болса керек. Мысалы, 2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, Франция ішімдігінің бір литрі 23,5 доллар, Швецияныкі 16,5 доллар, Украинаныкі 9,9, Беларусьтікі 4,3, ал Ресейдікі 3,5 долллар болған.
Қанша жерден өсіп жатыр дегенмен де, статистика деректері Қазақстан нарығындағы арақ импорты үлесінің жалпы көлемі қысқарып жатқанын айтады. Соңғы бес жылда елдегі арақ нарығының көлемі үш есе өскен (2019 жылы 24,8 млн литр болса, 2023 жылы 73,6 млн литрге жеткен). 2019 жылы әрбір төртінші литр шетелдік арақтікі болса, 2023 жылы шетелдік өндірістің үлесі тек 13,1%-ды ғана құрады.
Әрбір 21 жастан асқан ҚР азаматына шаққандағы орташа жылдық тұтыну көлемі бес жыл ішінде үш есе өскен. Алайда сарапшылар Қазақстанда арақтың көбірек ішіле бастағанына күмән келтіреді. Олардың айтуынша, бар мәселе статистиканың бұрын заңсыз ішімдіктерді есепке алмағандығында. Ал кейін қара базар ағарғанда, арақ өндірісінің де, тұтынудың да көлемі артқандай болып көрінген.
«Алкогольді өнім өндіру мен тұтыну дерегінің өсуі қазақстандықтардың жаппай іше бастауына емес, контрафактілік өнімдерге қарсы күрестің әсеріне байланысты. Тұтыну деңгейі сол қалпында қалды, ал заңсыз өнімді заңды өнім алмастырды да, сондықтан статистикада осындай сандар пайда болды», – деген болатын отандық алкогольді өнімдердің дистрибьюторы – Global Beverages компаниясының басшысы Мүслім Өмірияев «Курсивке» берген түсініктемесінде.