Жаңалықтар

Мемлекеттік білім гранты конкурсына құжат қабылдау басталды

Отандық тауарлар тізілім
Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 78219 грант бөлінді. Архив: kursiv.media

Мемлекеттік білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2024 жылғы 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылады.

Конкурсқа қатысу үшін өтінішті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары, сондай-ақ онлайн режимде «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады.

78219 грант бөлінді

2023-2024 оқу жылына жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 78219 грант бөлінді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары қатарынан Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға 3903 грант бөлінді.

Сондай-ақ халқы тығыз орналасқан, батыс және жаңадан құрылған өңірлерден жастарды оқыту үшін 5000 нысаналы грант бөлінді. Оның ішінде Атырау облысынан келгендер үшін – 1500 грант, Маңғыстау облысынан – 2000, Түркістан облысынан – 600, Абай қаласынан – 300, Шымкент қаласынан – 300, Жетісу қаласынан – 300, Ұлытау облысынан – 300 грант даярлаудың мынадай бағыттары: педагогикалық ғылымдар, математика және статистика, жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша бөлінді.

Виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді

Шалғай өңірлерден келген талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Олар бейнебайланыс арқылы консультация береді және конкурсқа құжаттарды тапсыруға көмектеседі.

ГРАНТҚА ТҮСУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТ КЕРЕК? Қандай жеңілдік бар? IELTS, TOEFL, QazTest балы есептеле ме?

Техникалық мәлеселер туындауы мүмкін

Онлайн құжат тапсырғанда техникалық мәлеселер туындауы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі ескертті.

“Құрметті талапкерлер! Электрондық үкімет порталында құжаттарды тапсыру кезінде пайдаланушылардың бір мезгілде жүгінуіне байланысты техникалық іркілістер байқалуы мүмкін екенін атап өтеміз. Онлайн өтінім беруде проблемалар анықталған жағдайда, 1414 Бірыңғай байланыс орталығына, сондай-ақ қосымша ақпарат алу үшін Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетіне мына телефондар арқылы хабарласа аласыз: 8 (7172) 741670, 8 (7172) 74252», – деп хабарлады министрлік.

​ҰБТ-2024 туралы негізгі деректер

Республика бойынша 181 мыңнан астам талапкер (екі мүмкіндікте есепке алғанда 326 мың рет) ҰБТ тапсырды.

Оның ішінде:

  • талапкерлердің 75,1% – ы қазақ тілінде, 24,8% – ы орыс тілінде, 168 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті;
  • шекті балды 76,4%-ға жуық (139 мың) талапкер жинады;
  • орташа балл – 68 балл;
  • 641 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала қатысты;
  • ең жоғары балл – 140.

Ереже бұзғаны үшін 628 адамның нәтижелері жойылды. Атап өтсек:

  1. смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 393 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды;
  2. тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 188 адам шығарылды;
  3. бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 47 адамның нәтижесі жойылды;
  4. бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетейік, биыл түлектерден 65 мыңнан астам апелляциялық өтініш келіп түскен. Апелляцияны қарастыратын комиссия жұмысын 13-14 шілде аяқтайды. Содан кейін талапкерлердің сертификаттары Е-гов поталынғады «Жеке кабинеттен» ала алады.

2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетейік, мүгедектігі бар, көп балалы отбасынан шыққан немесе ата-анасынан айырылған түлектер арнайы квотамен мемлекеттік грантқа түсе алады.