Елдегі 1729 мектеп Илон Масктың Starlink желісі арқылы спутниктік интернетке қосылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
«Қазіргі таңда Starlink технологиясы бойынша 1729 ауыл мектебі спутниктік интернетке қосылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен талқылау және келісу шеңберінде төтенше жағдайлар кезінде ТЖМ-ның интернетке қолжетімділігін арттыру үшін пилоттық жобаны (70-ке жуық абоненттік терминал) кеңейту жоспарлануда», – деп жазылған хабарламада.
Маусым айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов осы туралы баяндаған. Оның айтуынша, 2 мың ауыл мектебін Илон Масктың спутниктік интернетіне қосу Қазақстанға 5 млн долларға түседі.
Бір Starlink терминалының құны 2,5 мың долларды құрайды. Ал абоненттік төлем айына 140 мың теңге болмақ. Яғни ай сайынғы төлем 280 млн теңгені немесе қазіргі бағам бойынша шамамен 583,3 мың доллар. Осылайша компания бірінші жылы абоненттік төлем ретінде жабдықтың өзіндік құнынан көбірек алады.
Мейрамов терминалдардың қызмет ету мерзімі шектелмейтінін айтты. Қажет болған жағдайда ауыстыру кепілдігімен қамтамасыз етілетінін де атап өтті.
Сонымен қатар Цифрлық даму министрлігінің өкілдері ел жолдарындағы интернет пен ұялы байланыстың сапасын арттыру жұмыстары туралы баяндады. Қазақстанда 25 мың шақырымға жуық республикалық маңызы бар автожол бар. Министрлік облыс әкімдіктерімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, жолдардың интернетпен қамтылуын сараптады.