Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы жаңа зеландиялық спортшы Андрей Михайловичпен болатын жекпе-жек алдында ауруханаға түсіп қалды, деп хабарлайды кәсіби бокс матчтарын ұйымдастырушы Top rank Boxing.
Боксшы қазіргі жағдайы туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады.
«Әр қиындық артында жеңілдік бар. Салмақ қуу барысындағы сынақты да бастан өткізіп жатырмыз, ағайын. Уайымдап жатқан жанашыр жанның бәріне көп рақмет. Ауруханадан шықтық. Денсаулық бірінші орында. Біз жауынгерміз ғой. Мұндай сынақтар бізді сындыра алмайды, шыңдайды. Бұйыртса әлі талай әлемге қазақ стилін көрсетіміз. Қолдауларыңызға рақмет», – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Айта кетейік Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайловичтің жекпе-жегі Лас-Вегасте 14 шілдеге жоспарланған болатын. Қазақстандық боксшының салмақ қуу барысында есінен танып, ауруханаға түсіп қалуына байланысты жекпе-жек өтпейтін болды.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы алдыңғы жекпе-жектерінде Дэнни Динюм, Дензель Бентли және Стивен Батлер сияқты қарсыластарынан басым түскен болатын.