Жаңалықтар

Сенбіде 14 мыңға жуық талапкер құжат тапсырды: педагогикалық мамандықтарға өтінім көп

13 шілдеде 14 мыңға жуық талапкер құжат тапсырды/ Фото: kursiv.media

Ұлттық тестілеу орталығы грант конкурсына құжаттарды қабылдаудың бірінші күнінің қорытындысын ұсынды. Сенбі, 13 шілдеде, 14 мыңға жуық талапкер құжаттарын тапсырды. Оның ішінде «Алтын белгі» иегерлері – 753, «Үздік аттестат» иегерлері – 1561.

Талапкерлердің ең көбі – 3339 түлек «Педагогикалық ғылымдарға» өтінім берген. «Инженерлік өңдеу және құрылыс салалары» бойынша 2565, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бойынша 1984 құжат тапсырылды.

13 шілдеден бастап 24 шілдеге дейін жоғары оқу орындары құжат қабылдайды. 2023-2024 оқу жылына жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу үшін барлығы 78219 грант бөлінді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастарына 3903 грант берілмек.

Мүгедектігі бар, көп балалы отбасынан шыққан немесе ата-анасынан айырылған түлектер арнайы квотамен  мемлекеттік грантқа түсе алады.  13 шілдеде «Көпбалалы отбасыдан» – 2906, «Толық емес отбасынан» – 1072, «Жетім» санатынан – 242, «Қандастадан» – 328 талапкер құжат тапсырды.