Қырғызстанның Ош облысында селмен ағып кеткен төрт адам табылмай жатыр
14 шілде күні жаңбыр жауғаннан кейін, Ош қаласын сел нөпірі әбігерге салды. Табиғи апат салдарынан Ак-Буура өзені тасып, көпір қирады. Алапат тасқын Оңтүстік-шығыс аудандағы Төменгі базарға жеткен. Орталық базар да тасқын астында қалып, қала аймағында төтенше жағдай жарияланды.
Бейнежазбалардан қала тұрғындарының жапсарлас салынған жер үйлердің үстіне шығып кеткені анық көрінеді. Шаһарда су беру тоқтатылды. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Ош шаһарының әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Жұмамидин Сулайманқұлов Төлөйкөн ауылындағы «Мөлдір бұлақ» демалыс орнында тыныққан төрт адамды сел ағызып алып кеткенін хабарлады. Озгур ауылында тұрғындар мініп жатқан КамАЗ көлігі теңселіп, бір адам қаза тапты. Араван-Ак Буура каналына жеті автокөлік түсіп кеткен.
Қала әкімдігі 134 үйге сел кіргенін, 17 үйдің ауласы қирағанын мәлімдеді. Шамамен 15 көлік бұзылған.
Төлөйкөн мен Бөрібай-Ата елдімекендерінен 400-ден астам адам көшірілді. Қырғызстанның төтенше жағдай министрлігі ішкі әскердің 7703-әскери бөлімінінің жеке құрамын Төлөйкөн тұрғындарына көмектесуге жолдады.
Түскі уақытта Ош – Баткен – Раззақов бағытынағы автожол уақытша жабылды.
Маусым айының аяғында Нооқат ауданында қатты сел жүрген еді. Селден 10-нан астам адам қаза болды. Оның төртеуі – қазақстандық балалар болып шықты.