Заттар интернеті (IoT) деген не және оның қандай пайдасы бар?

Жарияланды 14 Шілде 2024 14:35

(жаңартылды 14 Шілде 2024 14:54)
Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Заттар интернеті (IoT) деген не / Фото: shutterstock

Заттар интернеті (IoT) деп құрылғылар арасындағы деректерді жеткізетін желі концепциясын айтады. Яғни IoT ішінде адамдармен заттармен, заттар — басқа заттармен тілдесе алады. Мысалы, сіз жоқ кезде үйге ұры түссе, ақылды жүйе сізге хабарлап, тіпті полиция шақыра алады. Сонда бұл неткен ақылды жүйе болғаны? Ол қалай жұмыс істейді? Кемшіліктері бар ма? Kursiv Media тілшісі осы тақырыпта шолу дайындады.  

Заттар интернеті деген не?

Бұл жүйе құрылғыларды компьютер желісіне біріктіріп, сол арқылы деректерді жинап, оларға анализ жасап, өңдеп, басқа объектілерге бағдарлама жасақтамасы, қолданба не техникалық құрылғылар көмегімен жіберіп отырады. IoT-құрылғылар өздігімен қосылып, жұмыс істей алады. Бірақ қолданушылар қалауынша баптаса болады. Мұндай жүйелер реал тайм режимде жұмыс істейді. WiFi, Bluetooth не басқа да байланыс түрлері арқылы қосылған ақылды құрылғылар мен клауд платформалардан тұрады.  

Енді жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірейік. Алдымен құрылғы деректер жинайды. Мысалы пәтердегі қалыпты температура қандай, қолданушының жүрек соғысының жиілігі қандай дегендей ақпаратты жинап алады. Содан жиналған деректі бағдарлама жасақтамасы өңдейді. Яғни заттар интернеті Big Data-мен тікелей байланыста жұмыс істейді деген сөз. Одан бөлек, заттар интернеті жақсы жұмыс істеуі үшін аналитика, желі, құрылғылар мен тәжірибе аса қажет. Бұл принципті қысқартып ABCDE (Analytics, BigData, Connection, Devices, Experience) деп атайды. Енді бұлардың әрқайсысына тоқталайық.     

  • Analytics (аналитика) — IoT жұмысындағы ең маңыздысы. Ол құрылғылар мен деректерді біріктіріп, сол арқылы бизнес-процестерді оңтайландырады.
  • BigData (көлемді деректер) — құрылғылардан алынған ақпарат. Олар бұлтта сақталады. Осы биг датаның көмегімен күнделікті процестерді автоматоттандыруға немесе қалауыңызға қарай жаңасын жасауға болады. 
  • Connection (байланыс немесе желі) — құрылғылардың ақпарат алатын және жіберетін арналары.
  • Devices (құрылғылар) — жүйеге қосылған девайс. Олар жұмыстың дұрыс жүруіне жауап береді. 
  • Experience (тәжірибе) — клиенттің заттар интернеті арқылы бұған дейін мәселені қалай шешкенін көрсетеді. Яғни оның аналитикасы, қорытуын айтады.

Заттар интернеті қайда қолданылады? 

IoT-тың қолданыс аясы өте кең. Мысалы компанияларға процестерді автоматтандырып, жұмыс жүктемесін мейлінше азайтуға көмектеседі. Осылайша қызмет сапасы жақсарып, процесс шығыны қысқарып, көп жерде үнемдеуге мүмкіндік ашылады. Заттар интернетін термин ретінде білмей, бірақ күнделікті тұрмыста жиі қолданып жүруіңіз мүмкін. Оның ішінде, айталық, сізге жақын маңда қандай кафе барын көрсетіп тұратын контекстік жарнамалар да бар. Әсіресе, көлік, энергетика, ретейл, қала тұрмысын басқару, денсаулық сақтау және өнеркәсіп салаларында көп қолданылады.  

Мысал түрінде айтатын болсақ, электрэнергетикада заттар интернеті қашықтан мониториң жасауға мүмкіндік беріп, сол арқылы қосалқы станциялар мен электр желілерін бақылау жеңілдей түседі. Ал денсаулық сақтау саласында IoT ауруларға диагностиканы жан-жақты әрі нақтырақ жасауға көмектеседі. Өйткені ақылды құрылғылар емделушінің жай-күйін үнемі бақылауда ұстайды. Бірдеңе бола қалса, сигнал жібереді. Сонысымен қолайлы. Заттар интернетінің ауыл шаруашылығына да пайдасы көл-көсір. Қазір ақылды фермалар жұмыс істейді. Ол жерде малдың қайда жайылып жүргенін көрсететін трекерден бөлек, олардың денсаулығын да бақылайтын құрылғылар қолданылады.

Көлік саласында заттар интернеті ұсынатын шешімдердің ішінде автопаркті басқаратын жүйені, телематиканы атап өтуге болады. Яғни автокөлік жергілікті операциялық жүйеге қосылады да, оған мониториң және диагностика жасалып отырады. Statista жасаған болжамға сүйенсек, 2025 жылы автокөлік саласында IoT-қа 740 млрд доллар қаржы құйылады екен. Қала өмірінде, мысалы заттар интернетінің көмегімен жарық жүйесін автоматтандырады. Автомат түрде өшіріп, қосып тұратындықтан, жарықты 30-50 пайызға үнемдеуге көмектеседі. Логистикада заттар интернеті жүк тасымалының шығындарын қысқартады. Әрі адами фактор әсерін барынша азайтады. Осы сынды пайдалы жұмыстарды атқарады. 

Заттар интернетін мұнай және газ, тау-кен өндірісі салаларында да қолданады. Атап айтқанда, терең аналитика жасауға көмектеседі. Сол арқылы көбірек мұнай мен газ өндіруге болады. Ал ретейл саласында заттар интернетінің көмегімен брендтер мен сатушылар шығындарды оңтайландырып, клиенттер тәжірибесін жақсартады. Өйткені ақылды сауда автоматтары арқылы барлығын бақылап отырады. ResearchAndMarkets  есебіне сүйенсек, 2025 жылға қарай нарық 35,5 млрд долларға өседі.   

IoT адамға несімен пайдалы?

Заттар интернеті десе, көпшіліктің көз алдына ақылды үй келеді. Google, «Яндекс», Amazon, Apple сынды компаниялардың ойлап тапқан технологиялары мен құрылғыларының арқасында қолданушылар онлайн-сауда жасап, үйде жарықты сөндіріп-қосып, музыканы ауыстырып, виртуал көмекшіге шаруа тапсырып қоя алады. Бұрын «үтікті суырдым ба, суырмадым ба» деп уайымдап үйге қайта барып, тексеріп жүретін болсақ, қазір ол уайымнан ақылды құрылғы сейілтіп отыр. Бар болғаны смартфондағы бірер батырманы бассаңыз жетіп жатыр. Тіпті кейде сіз байқамаған дүниенің өзін смарт-құрылғы өзі реттей береді. Әрі ол туралы хабарлама жіберуді де ұмытпайды. Осылайша барлығын көмекшіңізге тапсырып, қамсыз жүре берсеңіз болады. Ақылды технологиялардың дамығаны сонша, үйдің маңынан өткен-кеткендерді де қарап отырады. Полицияның базасымен байланыстырылған технология ұры-қарыны да скандайды. 

Қандай кемшіліктері бар?

Заттар интернетінің дамып жатқаны өте жақсы. Бірақ кемшілігі, нақтырақ айтқанда қауіпті тұсы барын да атап өту керек. Ол әрине — қауіпсіздік мәселесіне қатысты. Киберқылмыскерлер құрылғылардың қашықта отырып бұзып алуға тырысады. Түрлі базадан ақпараттарды ұрлап, фишиң шабуыл жасап, бұзған құрылғыларына вирус кіргізіп, тіпті диверсия жасайтындары да бар. Сондықтан заттар интернеті нарығының қатысушыларына бірінші кезекте өз жүйесін мықтап қорғауды үйреніп алу керек. Келесі бір кемшілігі — сәйкес келе бермейтіні. Яғни өндіруші көп болғандықтан, әрқайсысы өз бағдарлама жасақтамасын жасайды. Олар өз бірыңғай жүйесінің ішінде ғана бір-бірін таниды. Ал басқа өндірушінің құрылғысымен олар сәйкес келе бермейді. Одан қала берді бағдарламалаушылар бағдарлама жасақтамасын жаңартқанда құрылғылардың ескі жасақтамаларына сәйкестендірмеуі мүмкін. Ондайда компанияның қолдау қызметіне хабарласып, мәселені шешіп беруін сұрау керек.

Технологиялар дамыған сайын ол сөзсіз, еңбек нарығына әсер етеді. Интернетке қосылатын құрылғы саны көбейсе, жұмыс орындары да азая түседі. Мәселен заттар интернеті жүйесі техникалық қызмет көрсететін, жөндеумен айналысатын, жасақтама орнататын мамандардың орнын басып жатыр. Одан бөлек, қазіргі заттар интернетін енгізуге қатысты құқықтық аспектілерде кемшін тұстар әлі бар. 

Бұл салада қандай мәселелер бар?

Кәсіпорындарда қазір бар қызмет көрсету, жөндеу және ресурстарды жоспарлау жүйелері деректер жинайтын жаңа құралдар енгізуге қолайсыз екені үлкен мәселелердің бірі. Ол үшін көлемді жұмыс атқарылуы керек. Ал енді кадр мәселесіне келсек, мұнда техникалық мамандардың қолмен ақпарат жинап жүрген жерінен бірден ауысып кетуі де қиын. Әрине Big Data немесе Data Science-тың барлық саласына еніп, қолданыста жүргені жақсы. Бірақ дижиталдау үшін бизнес-процестерді түгел қайта қарап, экспертиза жасалуы керек. Осы ретте прогностика туралы айтайық. Яғни заттар интернеті негізінде жасалатын прогностика арқылы бұл мәселені шешуге болады. Ресурстардың шектен тыс шығындалып, жабдықтардың техникалық ахуалы бұзылмай, ұзағырақ жұмыс істеуі үшін жасалатын шара бұл. Әлдебір ақаудың кесірінен өндірісті тоқтатпай, қаржылай шығын да көп болмауы үшін қажет. Прогностика — өнеркәсіптік заттар интернеті эволюциясының ең кейінгі кезеңі. Бұл дегеніміз жабдықтардағы деректерді жинап қана қоймай, түрлі дереккөзден келіп түсетін ақпараттаты бір қоймаға салып, желі тарататын жергілікті желі дегенді білдіреді. Осылайша алынған деректер өңделіп, құрылғыға қатысты қызмет көрсететін персоналға жолданады.  

Заттар интернетінің болашағы жайлы бірер сөз

IDC жасаған болжамға сәйкес, 2025 жылға қарай әлемде 55,7 млрд құрылғы осы технологияға қосылған болады деседі. Кибершабуылшылар болса, шабуылын әрине үдете түседі деген сөз. Себебі заттар интернеті — зақымдаған бағдарлама жасақтамасын таратуға ең қолайлы жүйе. Ал қатардағы қолданушылар мен компаниялар, қалалар интеллектуал технологияның уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін көбірек қолданатын болады. Мысалы тоңазытқыштар ішіндегі азық-түлік туралы ақпаратты толық беріп, иесіне ненің таусылып жатқанын, қай тамақтың бұзылып кеткенін айтып отырады. Болмаса, видеодатчиктер орнатылған бағдаршамдар трафикке байланысты жол қозғалысын бақылайды. Қазіргі таңда заттар интернетін енгізуге қатысты басты мәселе — бірыңғай стандарттың жоғы. Сондықтан бүгінде бар шешімдердің өз араларында интеграция жасауы қиындау болып отыр.  

Сондай-ақ оқыңыз