Google-дің бас компаниясы өз тарихындағы ең ірі мәміле туралы келіссөз жүргізу үстінде / Фото: Shutterstock
Google-дің бас компаниясы – Alphabet израильдік Wiz стартапын сатып алу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл стартаптың платформасы клиенттерге бұлтты инфрақұрылымды кешенді түрде қорғауды ұсынады. Технологиялық алпауыт тарихындағы ең ірі мәміле осы болмақ, себебі 23 млрд долларға бағаланып отыр.
Толығырақ
Alphabet шамамен 23 млрд долларға Wiz-ді сатып алу туралы келіссөз жүргізіп жатыр деп жазады The Wall Street Journal дереккөздерге сілтеме жасай отырып. Олардың мәліметінше, келіссөз дәл осылай жалғаса беретін болса, мәміленің де ауылы алыс емес.
2020 жылы бас директор Ассаф Раппапорт пен оның үш әріптесі ашқан күннен бастап Wiz-дің бағасы күрт өсті. Олар Adallom деген алғашқы стартабын 2015 жылы Microsoft корпорациясына 320 млн долларға сатқан болатын. Былтырғы ақпан айында Wiz 300 миллиондық қаржыландыру раундының қорытындысы бойынша 10 млрд долларға бағаланды. Осы жылдың басында 12 млрд долларға бағаланған стартап 1 млрд әкелді. Бұл – 2024 жылы жоғары бағаланып, мол қаражат әкелген жасанды интеллект индустриясынан тыс санаулы ғана стартаптың бірі дейді WSJ.
Wiz-дің алғашқы 1,5 жылдағы тұрақты жылдық кірісі 100 млн доллардан асты. Сол кезде мұндай көрсеткішке бірде-бір IT стартап бұлай тез арада жете алған жоқ деген еді Forbes. 2023 жылы бұл көрсеткіш 350 млн долларға жетті.
Компанияға Sequoia Capital, Andreessen Horowitz, Index Ventures және Lightspeed Venture Partners секілді Шақпақтас алқабының әйгілі венчурлік инвесторлары қолдау көрсетеді. IPO нарығы тығырыққа тіреліп, ал монополияға қарсы орта стартап сатуды қиындатып отырған кезде Google-мен мәміле жасасу – бұл инвесторлар үшін сирек кездесетін мүмкіндік.
Контекст
Израильдік стартаптың бұлтты сервис жеткізушілері – Amazon Web Services және Microsoft Azure-мен ынтымақтастығы бар. Wiz платформасы тәуекелдерді анықтай отырып бұлтты деректерді сканерлейді. Стартап бұл нарықта Palo Alto Networks жария компаниясымен және өзге де жақсы қаржыландырылатын стартаптармен бәсекеде дес бермейді.
Wiz-ді сатып алса, Alphabet-тің маңызды әрі өсіп келе жатқан бизнес – бұлтты есептеу саласындағы тұғыры нығая түспек. Бұлтты есептеу нарығында Google онлайн іздеу мен онлайн жарнамадағыдай күшті емес. Amazon мен Microsoft-тан кейін үшінші орында, бірақ осы бизнеске қаржы салуға келгенде белсенді-ақ. Былтыр Google-дің бұлтты бизнесінің табысы 26%-ға өсіп, бөлімше алғаш рет операциялық пайда туралы есеп берді дейді WSJ.
Google бұлтты технологияларға негізделген киберқауіпсіздік саласындағы бизнесін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр. Оның екінші үлкен дүниесі – 2022 жылы 5,4 млрд долларға сатып алған киберқауіпсіздікке маманданған Mandiant компаниясы. Бірақ, тұтастай алғанда, іздеу жүйесінің алыбы соңғы жылдары сатып алу мәселесінде консерваторлық мінез танытып жүр. Microsoft 2016 жылы 26 млрд долларға LinkedIn компаниясын, ал 2023 жылы 75 млрд долларға Activision Blizzard компаниясын сатып алған болса, әлі күнге Google сатып алған ең ірі дүние – 12 жыл бұрын 12,5 млрд доллар беріп, өзіне қосып алған Motorola Mobility болып отыр.
Alphabet пен Wiz арасындағы келіссөз тура монополияға қарсы күрес органдарының жіті бақылауының астында жүріп жатыр. Олар онлайн іздеу алпауытынан да, басқа технологиялық компаниялардан да көз алар емес. Дәл қазір Google АҚШ Әділет министрлігінің монополияға қарсы талапарызы бойынша шешім шыққанын күтіп отыр. Компанияға онлайн іздеу жүйесі нарығындағы үстемдігіңді нығайту мақсатында заңсыз тәсіл қолдандың деген айып тағылған. Былтыр Әділет министрлігі Google-ді жарнама бизнесінде жосықсыз іс-әрекет қолдандың деп айыптап, екінші рет монополияға қарсы талапарыз берген болатын. Бұл талапарыз әлі сотқа жеткен жоқ.