IPO туралы шілденің ортасындағы негізгі шолу: АҚШ-тан ет, Үндістаннан дәрі-дәрмек, Таиландтан музыка

Жарияланды
Ardent Health деген америкалық жеке медициналық клиникалар желісі IPO арқылы 315 млн долларға жуық қаржы тартқысы келеді / Фото: Unsplash/Derek Finch

АҚШ-та жеке медициналық клиникалар желісі мен ет өнімдерін өндірушілердің IPO-сы, сондай-ақ миллиардер инвестор Билл Экман қорының листингісін өткізу жоспарланып отыр. Үндістанда келісімшарттық фармкомпания биржаға дайындалып жатыр. Бразилиялық майлау материалдарын өндіруші, Филиппиндегі сумен жабдықтау қызметтерін ұсынушы және Таиландтың ірі музыкалық компаниясы да жария компанияға айналуды жоспарлап отыр. Қысқасы, шілде айының ортасына қарай IPO әлемінде не өзгеріс болып өткенін әңгімелейік.

Кімдер биржаға акцияларын орналастырмақ болып жатыр?

Ardent Health жекеменшік медициналық клиникалары желісінің көздегені – IPO арқылы шамамен 3,15 млрд доллар тарту. Компания 20 доллардан 22 долларға дейінгі бағамен 14,3 млн акциясын сатып, 314,6 млн доллар жинап алмақ. Қағаздарын Нью-Йорк қор биржасына (NYSE) ARDT тикерінің астына орналастырады.

— АҚШ-тағы ет өнімдерін өндіруші Smithfield Foods IPO-ның жай-жапсарын талқылауға Bank of America мен Goldman Sachs кеңесшілерін тартты дейді Bloomberg дереккөздері. Олардың айтуынша, Smithfield кем дегенде 1 млрд доллар тартқысы келеді, ал листинг биыл өтуі мүмкін. Smithfield пен екі банк өкілдері мәселенің мән-жайын айтып беруден бас тартты.

Миллиардер инвестор Билл Экманның компаниясы Pershing Square АҚШ-тағы өзінің жабық қорының (CEF) IPO-сын дайындау аясында роудшоуын бастады. Жоспары соңына дейін жетсе, ол елдегі ең ірі жария қорға айналуы мүмкін деп жазады Bloomberg. Листингісімен Citigroup, UBS, Bank of America және Jefferies сияқты банктер айналысып жатыр. Bloomberg бұған дейін Pershing Square USA шамамен 25 млрд доллар тартуды жоспарлап отыр деген болатын. IPO бағасы – 50 доллар, акциялар NYSE-ге PSUS тикері астында орналастырылады.

— Жағармай өндіретін Moove Lubricants Holdings компаниясы АҚШ-та IPO-ға құпия түрде өтінім берді. Сатылуға тиіс акция саны мен баға ауқымы әзірге құпия сақталып отыр. IPO-ны ұйымдастыру жұмыстарымен Bank of America, JPMorgan және Citigroup шұғылданып жатыр деген Bloomberg мұның алдында. Moove-дің 70%-ы бразилиялық конгломерат – Cosan-ға, ал 30%-ы CVC Capital Partners инвестициялық компаниясына тиесілі.

— Келісімшарттық зерттеулермен және дәрі-дәрмек өндірумен айналысатын үнді компаниясы Anthem Biosciences IPO өткізу туралы ойлана бастады, бұл шара оған шамамен 400 млн доллар әкелуі мүмкін деп хабарлайды Bloomberg дереккөздері. Компанияның өзі 3-4 млрд жинап алсам дейді.

— Филиппиндік сумен жабдықтаушы компания Maynilad Water Services келесі жылдың басында ІРО өткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін компания облигацияларын сатып, 257 млн доллар тапты. Компания Филиппин астанасының жартысына жуық аумағына қызмет көрсетеді.

— Таиландтың ең ірі музыкалық компаниясы – GMM Music биыл-ақ, болмаса 2025 жылы өткіземіз деп IPO жоспарлап отыр. Маусымда компанияның 10%-ын қытайлық Tencent Holdings сатып алды: тай компаниясының бағалаушы берген құны шамамен 700 млн доллар болды.

— Гонконгтың фармацевтикалық компаниясы – Sichuan Biokin Pharmaceutical 500 млн доллар әкелуі ықтимал IPO-ға өтінім берді дейді Bloomberg дереккөздері. Бұл ең ірі ұсыныстың бірі болайын деп тұр дейді агенттік. Sichuan Biokin акцияларының саудасы Шанхайда ендігі басталып кеткен.

Жуырда өткізілген IPO нәтижелері

— Оңтүстік Кореяның видео ойын әзірлеушісі – Shift Up Corp. акциялары сауданың бірінші күнінде 18%-ға қымбаттады. IPO компанияға 435 млрд вон ($320 млн) әкелді. Бүкіл ел бойынша үш жылға жуық уақыт ішіндегі ойын компаниясына тиесілі ең ірі листинг осы болды. Shift Up-тың ірі акционерлерінің бірі – қытайлық Tencent.

— Гонконг биржасындағы дебюттен кейін Қытайдың екі компаниясы – Chenqi Technology мен Shanghai Voicecomm акциялары бірден шамамен 15%-ға арзандады. IPO арқылы Chenqi 129 млн, ал Shanghai Voicecomm 85 млн доллар жинап алды. Мұнай өңдеумен айналысатын шағын компания – Ruichang International акциялары сол күні алғашқы саудада 30%-ға қымбаттады.

— Үндінің фармацевтикалық компаниясы – Emcure Pharma қағаздары бірінші саудада 34,9%-ға өсіп, капиталдануы 18,64 млрд рупияны ($223,3 млн) құрады. Бұл – биыл алғашқы болып жария компанияға айналған үндістандық дәрі-дәрмек өндіруші. Оның IPO өткізуін күткен инвесторлардың сұранысы ұсыныстан 68 есе асып түсті.

— Пальма өсіретін малайзиялық компания – Johor Plantations Group акциялары Куала-Лумпур биржасындағы алғашқы сауда барысында 11%-ға өсті. Бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанынан бергі осы биржадағы ең ірі IPO еді.

IPO әлеміндегі өзге де маңызды жаңалықтар

— Ұлыбританияда реттеуші 11 шілде күні жергілікті биржаларда тіркелген компаниялар үшін жаңа ереже ұсынды. Бұл – елдегі соңғы бірнеше онжылдық ішіндегі листинг тәртібіне енгізілген ең ірі өзгеріс. Оның мақсаты – британдық ІРО нарығындағы құлдырауды еңсеру. — Оңтүстік-Шығыс Азияда жылдың бірінші жартысында тек 67 компания ғана алғашқы жария ұсыныс жасаған. Deloitte консалтингтік тобының есептеуінше, бұл – былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 21%-ға аз. Тартылған ақша көлемі 59,4%-ға, яғни 1,4 млрд долларға дейін төмендеген. Капиталдануы 1 млрд доллардан астам бір ғана ІРО 200 млн доллардан астам қаржы тартты.

Сондай-ақ оқыңыз