БЖЗҚ активтерінің табыстылығы өте төмен: Halyk Finance сарапшылары бұл азаматтардың болашақ зейнетақысына кері әсер ететінін айтады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
БЖЗҚ активтерінің табыстылығы неге төмен / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Кейінгі 10 жылда БЖЗҚ активтерінің орташа нақты жылдық инвестициялық кірісі небәрі 0,1%-ды құраған. Болашақта қор жыл сайын 2% табыс алуды көздеп отыр. Алайда бұл көрсеткіш Солтүстік Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдеріндегі зейнетақы қорларының қазіргі кірісінен 2,5 есе төмен. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов БЖЗҚ активтерінің инвестициялық кірісін арттыру үшін басқару саясатына өзгеріс енгізу қажет деп тұжырымдайды.

2014–2023 жылдары БЖЗҚ активтерінің орташа жылдық нақты кірістілігі дамыған елдердегі 4,5%-бен салыстырғанда, 0,1%-ды ғана құрады. Halyk Finance сарапшылары БЖЗҚ кірістілігін арттыру үшін аса консервативті емес инвестициялық стратегияларға көшу қажет деген пікірде. Ол үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың тиімді кірісті қамтамасыз етпейтін бағалы қағаздары салынатын инвестиция үлесін азайту шарт.

«Мемлекеттік бағалы қағаздар мен тиісті кірісті қамтамасыз етпейтін квазимемлекеттік сектордың бағалы қағаздарына салынатын инвестиция үлесін азайту қажет. Сондай-ақ инвесторлардың басқарушы компаниялардан әртүрлі инвестициялық стратегиялары бар бір немесе бірнеше портфельдерді дербес таңдау құқығымен зейнетақы активтерін көп портфельді басқаруды қайта енгізу қажет», – делінген шолуда.

БЖЗҚ-ның актуарлық есебіне сәйкес, зейнетақы қорынан төленетін болашақ зейнетақы мөлшеріне зейнетақы активтерінің нақты инвестициялық кірісі әсер етеді.

Сарапшы Қазақстанда зейнетақы активтерінің кірістілігі төмен болуына әсер ететін екі фактор бар екенін айтады. Біріншісі – қор нарығының дамымауы, екіншіден, қаржы нарығын реттеушілер ұсынатын инвестициялық стратегиялар. Ал бұл стратегиялардың кірістілігі төмен. Сондықтан Темірханов БЗЖҚ активтерін басқарудағы инвестициялық саясатты өзгертуді ұсынады.

Зейнетақы қорында қанша қаржы жинақталған және қайда инвестицияланады?

1 маусымдағы жағдай бойынша, БЖЗҚ-да 19 250,04 млрд теңге (19,25 трлн) жинақталған. Соның басым бөлігі – 19 123,58 млрд теңгесі Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында. Ал Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің жартысына жуығы (45 пайыз) ҚР Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестицияланған. Ал квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына 10,09% актив салынған.

Ұлттық банк зейнетақы активтерінің 4,21%-на екінші деңгейдегі банктерінің облигацияларын сатып алған. Ал шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары – 3,87%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 2,09% құрайды.

2024 жылғы 1 маусымға ҰБ басқаруындағы активтерге 647,07 млрд теңге инвесттабыс есептелген. Салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі – 3,49%-ды құрады.

Қазіргі кезде инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтері 49,5 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар зейнетақы активтерін 5 жеке ойыншы басқарады:

  • Halyk Finance ( 31,3 млрд теңге);
  • Jusan Invest (8,5 млрд теңге);
  • Halyk Global Markets (3,9 млрд теңге),
  • BCC Invest (4,5 млрд теңге);
  • Centras Securities (1,3 млрд теңге).

5 жеке басқарушының инвестициялық саясаты әртүрлі. Дегенмен жеке басқарушы компаниялар инвестициялауда мемлекеттік бағалы қағаздар емес, түрлі құралдарға басымдық береді.

Мысалы, Halyk Finance портфель құрылымындағы негізгі инвестициялардың сипаты мынадай: «кері РЕПО» (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 37,60%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 9,71%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 9,21%. Сонымен қатар квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 9,18%, шет мемлекеттердің МБҚ – 8,04%, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 7,88%.

Ал Jusan Invest өз басқаруындағы активтерді ҚР ҚМ МБҚ – 30,75%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 28,06%, РЕПО-ға 16,15%-ын инвестициялайды. ҚР екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 7,45%, шет мемлекеттердің МБҚ – 6,67% қаржы салған.

Halyk Global Markets инвестициялық портфелінде кері РЕПО» (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 34,56%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 16,98%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 10,87% болып қалыптасқан. Сонымен қатар корпоративті облигациялары – 8,20%, МҚҰ облигациялары – 6,72%, шетелдік эмитенттердің үлестік құралдары (ETF пайлары) – 6,32%.

«BCC Invest» өзі басқаратын 4,5 млрд теңге активті квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары (34,66%), РЕПО (17,04%), ҚР резидент-эмитенттерінің корпоративтік облигациялары (9,56%), ҚР ЕДБ облигациялары (8,66%), шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигацияларына (6,87%) салады.

Сентрас Секьюритиз болса, мемлекеттік МБҚ-ға активтердің 26,70%-ын, РЕПО – 19,86%, квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларына – 14,38%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына – 10,33%, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигацияларына – 7,94% салады.

ИПБ-лардың басқаруындағы активтердің табыстылығы 3,46-6,01 % аралығында қалыптасқан. Алайда зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы инфляциядан аса алмай жатыр. 1 маусымда Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвесттабысы 3,49%-ға жеткенімен, елдегі инфляция 3,50%-ды құрады.

Зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияға қалай аударуға болады?

2021 жылғы қаңтардан бастап заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы. Алайда ол кезде тек жинақтың жеткілікті шегінен асатын қаржыны ғана жеке компанияға сенімгерлік басқаруға беруге болатын.

Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен қазақстандықтарға зейнетақы жинағындағы соманың 50%-на дейінгі бөлігін жеке компаниялардың басқаруына беруге рұқсат етілді. Бұл ретте «жеткілікті шек» деген шектеу жоқ. Оған қоса, жоғарыдағы жеке басқарушы компанияның біреуін өзі таңдай алады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру үшін БЖЗҚ-ға өтініш жазу керек.

Атап айтқанда, қазақстандықтар жинақтарының бір бөлігіне шағын және орта компаниялардың борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы инвестиция жасауға мүмкіндік берілді.

БЖЗҚ активтері есебінен сатып алуға болатын қаржы құралдарының қолданыстағы тізбесіне Қаржы министрлігі немесе Ұлттық банк шығарған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары, сондай-ақ Үкіметтің кепілдік етуімен шығарылған бағалы қағаздар кіреді.  

Сондай-ақ оқыңыз