Жаңалықтар

Ұлттық қор есебінен 467,4 млрд теңгеге “Қазатомөнеркәсіп” акциялары сатып алынады

Үкімет 467,4 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкімет шешімімен Ұлттық қор есебінен 467,4 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қауымдастығының акциялары сатып алынады.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру мақсатында Ұлттық қорға жалпы сомасы 467,4 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу туралы шешім қабылдады», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Үкімет шешімін іске асыру үшін Ұлттық банк Ұлттық қордан шамамен 970 млн АҚШ доллары сомасына шетел валютасын теңгеге айырбастайды.

Ұлттық банктің ақпаратына сүйенсек, операцияның жоспардан тыс болуына байланысты көлемді қысқа уақыт аралығында сату валюта нарығының теңгерімділігіне елеулі әсер етуі мүмкін.

Сондықтан Ұлттық банктің алтын-валюта резервтеріне қор активтерін тікелей сату арқылы Банк біржолғы конверсиялық операция жүргізуге ниетті.

«2024 жылдың шілдесінен бастап Ұлттық Банк 4 ай ішінде 970 млн АҚШ долларын сатуға кіріседі, айына 243 млн АҚШ доллары көлемінде айырбасталады. Бұл валюта нарығына біржолғы конверсиялық операцияның әсерін бейтараптандыруды қамтамасыз етуге арналған ерекше шара», – делінген ҰБ хабарламасында.

Валюта нарығындағы сату көлемі Ұлттық Банктің статистикалық ақпаратының шығу кестесіне сәйкес жарияланады.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат бергені белгілі болған.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының былтырғы таза пайдасы 580 млрд теңгені құрап, 23% артқаны белгілі. Осылайша 2022 жылы 472 963 млн теңгені құрады. Өсім 2023 жылы операциялық кірістің артуына байланысты. «Қазатомөнеркәсіп» 2023 жылы ерекше қаржылық тұрақтылықты көрсетті. Уран бағасының жылдық өсу қарқыны орташа болып, 20%-дан сәл асты.