Мәскеу биржасына енгізілген шектеулер аясында KASE-ге қайталама санкция қаупі бар ма? Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы түсіндірді
2024 жылғы маусымда KASE екінші ірі акционері Мәскеу биржасы АҚШ санкциясына ұшырады. Осы ретте Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Алина Алдамберген KASE-ге қайталама шектеулер енгізу тәуекелдері туралы айтты.
«Акционерлер арасында санкциялық тұлғаның болуы бізді айырбастау қызметтерін тоқтату немесе жеке төлемдерді тоқтату қаупіне ұшыратады. Біз қазақстандық валюта нарығының орталық буыны болғандықтан, айырбас үшін мұндай жағдайларға жол берілмейді. Осыған байланысты Мәскеу биржасының Қазақстан қор биржасының капиталындағы қатысу үлесін тоқтату қажет деп танылды», – деді Алина Алдамберген.
KASE басшысы биржа акционерлерінің арасында санкция салынған тұлғаның болуы оның шетелдік қаржы ұйымдарымен және серіктестерімен қарым-қатынасына әсер ететінін айтады. Сонымен қатар биржа да контрагент болады және шетел валюталарымен: доллар-теңге, доллар-юань және доллар-еуро жұптарымен сауданы ұйымдастырады. Сәйкесінше, биржа контрагенттермен және шетелдік банктермен де санкциялық талдаудан өтеді.
«Біз акцияларды Мәскеу биржасынан сатып алу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол биржаның өзіне сатылуы мүмкін немесе үшінші тұлғаларға сатылуы мүмкін. Бірақ KASE келісімі бойынша Мәскеу биржасының үлесі айтарлықтай (13,1%). Кез келген жағдайда KASE қазақстандық капитал нарығының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайды», – деді спикер.
Алина Алдамберген келіссөздер туралы деректерді ашып айтпады. Оның сөзінше, бұған қатысты кей ақпараттар жария етілмейді. Сондықтан болашақ мәміленің егжей-тегжейлерін, сондай-ақ KASE Мәскеу биржасына дивидендтер төлеген-төлемегенін және бұл төлемдердің санкциялық тәуекелдер бар-жоғын жариялай алмайтынын айтты.
Еске сала кетсек, 12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасын (MOEX брендімен жұмыс істейтін) SDN тізіміне енгізді. Бұл оның америкалық банктер мен депозитарийлердегі шоттарын бұғаттауды, сондай-ақ АҚШ азаматтары мен тұрғындары үшін ынтымақтастыққа тыйым салуды білдіреді.
1 маусымдағы жағдай бойынша MOEX KASE орналастырылған акцияларының 13,1%-ына ие.
АҚШ Мәскеу биржасына қарсы санкция енгізген соң, Ресей рублі құлдырады. Мәскеу биржасы валюта бөлімінде АҚШ доллары, еуро және Гонконг долларымен сауда жасау тоқтатылғанын хабарлады.