Жаңалықтар

Электр қуатымен жүретін автомобиль 3 есе өскен: Қазақстанда тіркелген автокөлік саны 5,5 миллионға жуықтады

Қазақстанда қанша көлік тіркелген / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам ЗИперов

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік саны 5 473 711-ге дейін жетті. Оның ішінде 88%-ы – жеңіл көлік болса, 9,9% – жүк көлігі және 1%-ы – автобус.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы мамырда есепке 137,9 мың автокөлік есепке қойылған. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,4%-ға кем. Соның ішінде тіркелген автобус саны 3,3%, жеңіл автомобильдері 15,2% және жүк автомобильдері 4,5%-ға төмендеді.

Көліктердің басым көпшілігі – 81,9%-ы бензинмен жүрсе, тағы 7,1% дизельмен жүреді. Сондай-ақ экологиялық ахуалға қарамастан, автомобильдердің тек 0,2%-ы газ және электр қуатымен жұмыс істейді. Ал бензин мен басқа отын түрімен аралас автомобильдердің үлесі – 7,5%.

Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда электр қуатымен жүретін жеңіл автомобильдер саны 3229-дан 9906 дейін 3,1 есе өсті.

Айта кетейік, электромобильдердің саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Бұл қалада 5809 тіркелсе, одан кейін Астана қаласы келеді. Елордада көшелерінде 1252 электр көлігі жүйткіп жүр. Сонымен қатар Алматы облысында 466 бірлік электр көлігі тіркелген.

2040 жылға қарай Алматы, Астана және Шымкенттегі электромобильдердің жалпы үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Үкімет сонымен қатар электр көліктерін зарядтау станцияларының ұлттық стандартын әзірлеуде. Ал сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік ережелерге құзырлы органдар өзгерістер енгізбек. Бұл автотұрақтарда орналасқан электр зарядтау станцияларына қойылатын талаптарға қатысты. Түзетулер бір тұрақта бірнеше электромобильді бір уақытта зарядтауға мүмкіндік береді. Ал тұрғын үй кешендерінде шамадан тыс жүктемені болдырмау үшін автотұрақтағы электр көліктерінің максималды санын анықтау ұсынылады.