Грекиядан бастау алған Олимпиада алауының эстафетасы өз мәресіне жетіп, алау Францияның астанасы Париж қаласына жеткізілді, деп хабарлайды France24.
Ресми ақпаратқа сүйенсек эстафета барысында Ласко үңгірі, Алезиядағы археологиялық қазбалар, ортағасырлық Каркасонна қаласы, Версаль сарайы мен Лувр мұражайы және басқа да тарихи-мәдени әрі көрікті жерлерден 600-ге астам спортшы жүріп өтті.
Парижге жеткен алауды бірінші болып атақты француз футболшысы, 1998 жылы әлем чемпионатының жеңімпазы Тьерри Анри ұстады. Кейін даңқты спортшы алауды дзюдошы Романа Диккоға тапсырды. Олимпиада алауы дүбірлі доданың басталуына 12 күн қалғанда Франция астанасына жетіп отыр. Францияның әйгілі тұлғалары оны қаланың бас көшелерімен алып өтетін болады.
Айта кетейік, көне гректердің наным-сенімдеріне негізделген бұл дәстүр алғашқы рет 1928 жылы Амстердамда өткен Олимпиада ойындарында енгізілді. Ал 1936 жылы Берлинде болған ойындарда алғашқы рет Олимпиадалық алаудың эстафетасы болып өтті.
Сонымен қатар Олимпиада алауы Қазақстан жерінен де өткен болатын. «Бейжің-2008» Жазғы олимпиадасы қарсанында Медеу стадионында олимпиада алауы отын тұтандыру рәсімі өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Парижде 26 шілде күні басталып, 11 тамызда аяқталады.
Франция астанасында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 80 спортшы аттанады. Төрт жылда бір өтетін әлем додасына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген.