Астана қаласының полициясы Дана Атешованың үстінен қылмыстық іс қозғады
Астана полициясы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Атешоваға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ол күйеуіне қол жұмсаған деп күдіктеледі. Солайша екеуі де бір-біріне «дене жарақатын келтірді» деген күдікпен тергелмек.
Баспасөз қызметінің Марат Әйтенов бұрынғы әйелінің үстінен арыз түсірген.
«Астана полициясына азамат А.-дан бұрынғы әйелінің дене жарақатын келтіруіне байланысты арыз түсті. Аталған фактілерді тексеру үшін қылмыстық іс қозғалды. Оның аясында келтірілген залалдың бар-жоқтығын және көлемін анықтауға қажетті сараптама тағайындалды. Барлық мән-жайларды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілетін болады», – делінген полиция хабарламасында.
Полиция зорлық-зомбылыққа жол бермеу қажет екенін айтып, тәртіп бұзушыларға қатысты «қатаң шара» қолданылатынын айтқан.
Мәселенің мән-жайы
Айта кетейік, осыдан бірнеше күні бұрын Дана Атешова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бұрынғы күйеуі – Марат Әйтеновтің қыспағынан арашалауды сұрап бейнеүндеу жариялаған болатын. Артынша Әйтеновті құқық қорғау органдары ұстағаны хабарланды. Ал Атешова әлеуеметтік желі арқылы өзі мен балаларының қауіпсіздігіне кепілдік беретін қорғаныс нұсқаулығын алғанын жеткізді.
Ал бүгін, дүйсенбіде экс-шенеуніктің туысы 5 күнге қамаққа алынғаны туралы хабарланды. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әкімшілік кодекстің 73 – бабының 1-бөлігі бойынша Мұрат Әйтеновке қатысты істі қарап, құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы шешім шығарған.
«Істің мән-жайы бойынша, құқық бұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оның атына дөрекі сөйлеген. Осылайша оған құрмет көрсетпей, басқа адамдардың тыныштығын бұзған», – делінген сот хабарламасында.
Көп ұзамай, Астана қаласының полиция департаменті (ПД) әйеліне дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша, Марат Әйтеновтің үстінен қылмыстық іс қозғады.
Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Атешованың айтуынша, бұрынғы жұбайы үйден көшіру кезінде өзіне шабуыл жасаған. Салдарынан денесіне зақым келтірген. Әйелге қатысты жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталған.
Алайда сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындамаған. Және балаларын алып кеткісі келгенде, бұрынғы жұбайының оларды қолдарынан ұстап жібермегенін айтқан. Ол әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын жеткізген.
Қорғаушылар сот шешіміне шағым түсірмек
Соттың шешімімен Әйтеновтың қорғаушылары келіспейді. Олар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында сот шешіміне шағым түсіретінін айтқан. Қорғаушылар пікірінше, процессуалдық бұзушылықтарға жол берілген. Атап айқанда, Марат Әйтенов үйден шығару процесіне сот орындаушыларының өтініші бойынша келгені ескерілмеген және олардан жауап алынбаған. Одан бөлек адвокаттар қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілдері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, көшіру кезінде болған полиция қызметкерлері және басқалардан жауап алынбағанын алға тартады.
«Сондай-ақ, қорғаушының оқиғаның толық бейнежазбасын талап ету туралы өтініші еш негізсіз қабылданбады. Сот процесі тек әлеуметтік желілерде тараған видеолармен шектелді»,- делінген жазбада.