Баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате: Денсаулық сақтау министрлігін тексерген Смайылов дәрілердің зауыт бағасынан 172%-ға қымбат сатылатынын айтты
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Денсаулық сақтау министрлігіне тексеріс жүргізіп, нәтижесінде дәрілер бағасының орынсыз көтерілгенін, оларға лайықты деңгейде бақылау жүргізілмейтінін анықтаған. Бұл жайлы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлігінде Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша отырыс өткізген.
Жүргізілген аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласында 36 жүйелік кемшілік анықталған. Атап айтқанда, министрлік бағдарламалар әзірлеу кезінде отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға басымдық бермейтіні, дәрілік заттарды шығару кезінде қазақстандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайтыны белгілі болған. Солайша отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 20%-дан төмен болып шыққан.
«2023 жылғы сауда-саттық қорытындысы бойынша нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 18%-ды құраған. Бағаларды мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында
Смайылов министрліктің бағаларға дұрыс қадағалау жүргізбейтінін айтты
Сонымен бірге палата төрағасы мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қадағаламайтынына назар аударған. Айтуынша, бұл өндірушіге 2000%-ға дейін үстеме баға белгілеуіне жол ашады. Бұдан бөлек Смайылов баға белгілеу тетігінің кемшіліктеріне де тоқталған. Мәселен, «СК-Фармация» ЖШС жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алып отырған. Нәтижесінде оның сомасы 8 млрд теңгеден асқан. Осыған байланысты Смайылов министрлікке сын айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате. Неліктен деңгейлес елдердегі баға талдау жүргізілмейді? Қазір барлық баға белгілеу өндіруші зауыттың мәліметтеріне негізделген. Бұл тәсіл дұрыс емес», – деді палата төрағасы.
Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алу шаралары сапасыз жоспарланған. Нәтижесінде медициналық ұйымдар 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартқан. Одан бөлек 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған. Кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған. Сонымен бірге сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар да анықталған. Яғни 3 млрд теңге сомаға тіркелген аналогтары бола тұра, «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмектер сатып алу жағдайлары кездескен.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жыл соңына дейін Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары ескерілетінін, бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізілетінін айтқан.
«Баға белгілеуге, оның ашықтығы мен объективтілігіне қатысты сұрақ өте көп. Көтерме-бөлшек сауда сегменті үшін де, ТМККК және МӘМС шеңберінде сатып алу бөлігінде баға белгілеуде де сұрақтар бар. Жоғары аудиторлық палата талдауының нәтижелеріне келетін болсақ, 6,5 мыңнан астам препараттың бағасы тексерілетін болады. Жұмыс тобы құрылды. Оларды іріктеуге қатысты да сұрақтар бар. Жыл соңына дейін біз ТМККК және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ көтерме-бөлшек сауда сегментінде белгіленген бағалардың барлық спектрін тұтастай қайта қараймыз», – деген Әлназарова.
Аудит барысында тариф белгілеу саясатының ойластырылмауы, логистика, есепке алу және шығыстарды бақылау процестеріндегі автоматтандыру деңгейінің төмендігі 17,2 млрд теңгеге экономикалық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққаны анықталған. Бұл соманың 220 млн теңгесі қалпына келтірілген.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған: Соның ішінде:
- қаржылық бұзушылықтар – 538 млн теңге;
- тиімсіз жоспарлау – 2,8 млрд теңге;
- активтерді тиімсіз пайдалану – 385 млн теңге;
- бюджеттің ықтимал шығындары – 21,7 млрд теңге болған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жоғары аудиторлық палата жұмысына тесеріс жүргізу кезінде кедергі келтірілген. Сол үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Бұл бұзушылық фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетіні айтылған.