Шымкент экс-әкімінің ағасының үстінен қылмыстық іс қозғалды
Астана қаласының полиция департаменті (ПД) әйеліне дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша, Марат Әйтеновтің үстінен қылмыстық іс қозғады. Бұл жайлы құзырлы органның баспасөз қызметі хабарлады.
«Астана қаласы ПД өзінің бұрынғы жұбайына дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша азамат А.-ға қатысты қылмыстық іс қозғады»,- делінген полиция хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта полиция тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталмақ.
Марат Әйтенов Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы. Бүгін 15 шілде күні экс-шенеуніктің туысы 5 күнге қамаққа алынғаны туралы хабарланды. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әкімшілік кодекстің 73 – бабының 1-бөлігі бойынша Мұрат Әйтеновке қатысты істі қарап, құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы шешім шығарған.
«Істің мән-жайы бойынша, құқық бұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оның атына дөрекі сөйлеген. Осылайша оған құрмет көрсетпей, басқа адамдардың тыныштығын бұзған», – делінген сот хабарламасында.
Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Атешованың айтуынша, бұрынғы жұбайы үйден көшіру кезінде өзіне шабуыл жасап, денесіне зақым келтірген. Әйелге қатысты жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталған.
Алайда сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындамаған. Және балаларын алып кеткісі келгенде, бұрынғы жұбайының оларды қолдарынан ұстап жібермегенін айтқан. Ол әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын жеткізген.
Соттың шешімімен Әйтеновтың қорғаушылары келіспейді. Олар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында сот шешіміне шағым түсіретінін айтқан. Қорғаушылар пікірінше, процессуалдық бұзушылықтарға жол берілген. Атап айқанда, Марат Әйтенов үйден шығару процесіне сот орындаушыларының өтініші бойынша келгені ескерілмеген және олардан жауап алынбаған. Одан бөлек қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілдері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, көшіру кезінде болған полиция қызметкерлері және басқалардан жауап алынбағанын алға тартады адвокаттар.
«Сондай-ақ, қорғаушының оқиғаның толық бейнежазбасын талап ету туралы өтініші еш негізсіз қабылданбады. Сот процесі тек әлеуметтік желілерде тараған видеолармен шектелді»,- делінген жазбада.
Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Дана Атешова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бұрынғы күйеуі – Марат Әйтеновтің қыспағынан арашалауды сұрап бейнеүндеу жариялаған болатын. Артынша Әйтеновті құқық қорғау органдары ұстағаны хабарланды. Ал Дана Атешова әлеуеметтік желі арқылы өзі мен балаларының қауіпсіздігіне кепілдік беретін қорғаныс нұсқаулығын алғанын жеткізді.
М.Әйтенов Қазақстанның даму банкі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Самұрық-Қазына» қорында жұмыс істеген.