Қырғызстанда селмен ағып кеткен адамдардың денесі Өзбекстаннан табылды
Толассыз жауған жауын салдарынан Қырғызстанның Ош қаласы мен облысында сел жүріп өтіп, біраз елдімекенді су басқан. Салдарынан бір отбасының 4 адамы суға кеткен болатын. Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі анасы мен қыздарының денесі Өзбекстаннан табылғанын хабарлады.
Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 14 шілде күні 14.00 шамасында жауған жаңбырдың салдарынан Төлөйкөн ауылы мен Өзгүр ауылындағы «Бөрібай-Ата» мәдениет үйінің маңынан сел жүріп өткен.
Жауған жаңбырдың салдарынан Ақ-Бура өзені арнасынан асып, қала көшелерін, соның ішінде базарды да су басқан. Оқиға орнына құтқарушылар жеткізіліп, адамдарды қауіпсіз жерге көшірген.
Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі дүйсенбі, 15 шілде күні, таңертең Ош облысындағы селмен ағып кеткен 7 жасар қыздың денесі Өзбекстаннан табылғанын хабарлады. Мәйіт Әндіжан қаласының Шахронсой каналынан табылған.
«Қыз баланың денесі «Достық» шекара бекеті арқылы қырғыз тарапына берілді»,- делінген ТЖМ хабарламасында.
Елдің құтқару қызметі көп ұзамай, сол Шахронсой өзенінен апалы-сіңілі екі қыздың денесі табылғанын хабарлады. Олардың үлкені 19 жаста, кішісі 10 жаста болған. Ал қыздардың 44 жастағы анасының денесі Өзбекстан шекарасына 500 метр қашықтықтан табылғаны айтылған.
Еске сала кетсек, 14 шілде күні Ош шаһарының әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жұмамидин Сулайманқұлов Төлөйкөн ауылындағы «Мөлдір бұлақ» демалыс орнында тыныққан төрт адамды сел ағызып алып кеткенін хабарлады. Ал Озгур ауылында тұрғындар мініп жатқан КамАЗ көлігі теңселіп, бір адам қаза тапқаны хабарландыты. Сондай-ақ Ак Буура каналына жеті автокөлік түсіп кеткен.
29 маусымда Қырғызстанның Ош облысының Ноокат ауданында сел жүріп өтіп, 5 адам қаза тапқан болатын. Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан сел он ауланы басып, Әбшір-Ата ауылындағы екі көпірді зақымдаған еді. Суға ағып кеткендер арасында қазақстандық балалар да болғаны айтылған.