OpenAI компаниясы ChatGPT мүмкіндіктерінен асып түсетін жасанды интеллект үлгісін әзірлеп жатыр. Әзірге бұл жобаға «Strawberry» деген кодтық атау берген. Бұл жайлы жеке дереккөздеріне сілтеме жасап, Reuters басылымы хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, жобаның қашан шығатыны әлі белгісіз. Десе де, басылым Strawberry жобасымен OpenAI құрамындағы командалар жұмыс істеп жатқанын жазады.
Бұл жобаның ChatGPT-ден ерекшелігі – ол сұраныстарға жауап беріп қана қоймай, сонымен қатар интернетте автономды зерттеу жүргізе алады. Яғни бұл ЖИ ғаламторға «терең талдау» жүргізеді.
Басылымға мәлімет берген дереккөздің хабарлауынша, жаңа жасанды интеллектіге әлемді дәл адам секілді қабылдау мүмкіндігін беру көзделген.
«Біз AI модельдеріміздің әлемді біз сияқты көріп, түсінгенін қалаймыз. Жаңа AI мүмкіндіктерін үздіксіз зерттеу – бұл салада кең таралған тәжірибе және біз бұл жүйелер уақыт өте келе жетіле түсетініне сенімдіміз»,– дейді дереккөз.
Бұған дейін Strawberry жобасы Q* деген кодпен белгілі болған. Сол кезде бұл жобаның АІ өнімдерінің дамуына оң серпіліс беретіні жайлы айтылған. Сонымен бірге оның дағдылары барынша адамдыкіне ұқсас болатыны да айтылған.
Жасанды интеллекті зерттеуші мамандар пікірінше, бұл жобаның мүмкіндігі адам мүмкіндіктерінен асып түсуі мүмкін. Атап айтқанда, мұндай жасанды интеллект күрделі мәселелереді шешуге тырысады. Мұндай мүмкіндіктері бар жасанды инттелект көмегімен ірі ғылыми жаңалықтар ашуға және түрлі бағдарламалық қосымшаларды әзірлеуге болады.
Басылымның хабарлауынша, компания жаңа ЖИ-ді әзірлеу барысында осы мәселелерге ден қоймақ. Сонымен бірге Strawberry алдын ала жоспарлауды және бірқатар әрекеттерді орындауды талап ететін күрделі тапсырмаларды да орындайтын болады.
Еске сала кетсек, «Курсив» жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер ететіні туралы жазған болатын. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сүйенсек, алдағы бес жылда жасанды интеллект 83 миллион жұмыс орнын жояды. Оның орнына 69 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады.