Lifestyle

“Ғасыр тойы”: Анант Амбани мен Радика Мерчанттың тойына 600 млн АҚШ доллары жұмсалған

Болливуд жұлдыздары Амбани әулетінің тойында өнер көрсетті / Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Отау құрып жатқанын жеті ай бұрын тойлап бастап кеткен Анант Амбани мен Радика Мерчанттың негізгі үйлену тойы өткен жұмада Мумбайда салтанат құрды. 

Жеті ай бойы «тойдың өзі қандай болады» деп күткен көпшілік кешегі салтанатты жиынды «ғасыр тойы» деп атады. Әлемді мойындатқан кәсіпкерлер, әртістер мен жұлдыздар жаһанның түкпір-түкпірінен Мумбайға ағылып, бас-аяғы мыңға жуық қонақ келді. 

Қалыңдық Радика Мерчант / Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тойға дейінгі салтанаттардан бөлек, той алдында бірқатар дәстүрлі іс-шара атап өтілді. 11 шілдеде «халди» өтті. Дәстүр бойынша халди кешінде үйленгелі жатқан жұпқа жын-періден сақтау үшін куркумадан жасалған паста жағады. Радика Мерчант:«Қуаныш пен аз-маз хаосқа толы кеш болды. Халди – мен үшін бәрінен қымбат кеш», – деді. 12 шілдеде «бараат» деп аталатын күйеу жігіттің дайындық мерекесі өтті. Оған Анант Амбани ат мініп келді. Шағын үзілістен кейін, той да басталды. 

Той рәсімі / Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Той белгіленген күнге асқан жауаптылықпен қараған. Радиканың айтуынша, той күні стратегиямен таңдалған.

«Шілденің 12, 13, 14-і сәтті болатынын отбасылық астролог таңдап берді. Бұл менің де, Ананттың да сәтті күндері болғандықтан, осы уақытты таңдауды жөн көрдік», – дейді қалыңдық. 

Нита Амбани Ким Кардашьянды той қонақтарымын таныстырған /Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қонақтар қатарында Ким мен Клое Кардашьян, Ник Джонас пен Приянка Чопра, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрлері Тони Блэр, Борис Джонсон, Раджиникант, Санджай Датт, Айшивария Рай сынды Боллиуд жұлдыздары мен Үндістанның бұрынғы президенті Рам Натх Ковинд, бірқатар министр, спортшылар болды. 

Жаңбырлы Мумбайдың Амбани әулетіне тиесілі сарай тұрған көшесін полиция қызметкерлері арнайы жапқан. 16 000 адамды сыйғыза алатын Jio World Convention Center конференция орталығына қызыл кілем төселіп, салтанатты жиын орталығына айналды. Тойға жиналған қауым да қызыл кілемге сай киінген. Сән журналдары бұл тойдағы киім мен стиль үндістандық тойлардың келешектегі тенденциясына әсер етуі мүмкін деп отыр. Шетелден келген қонақтар да той иелерінің дәстүрлі киім үлгісін кию керек деген талабына құрметпен қарап, үндістандық дизайнерлердің неше түрлі сариін киіп келген. Актер Джон Сина көк түсті шервани, ақ шалбар таңдаса, Джонас атлас шалбар мен қызғылт түсті шервани киген. Оның әйелі, актриса Приянка Чопра сап-сары сари оранған. 

Приянка Чопра жұбайы Ник Джонаспен бірге / Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қонақтар тізімі тек әнші, актер, кәсіпкерлермен шектелмей, сән әлемінің жұлдыздарын да қамтыған. Зендаяның бұрыннан келе жатқан жеке стилисі Лоу Роуч қызғылт түсті барқыт костюм, күлгін түсті ұзынша жейде, басы алтын түсті Schiaparelli аяқ киімін киіп, көпті таңғалдырды. Ким мен Клое Кардашьян қызыл кілем салтанатына қатыспаса да, әлеуметтік желілерде апалы-сіңлілердің алтын және қызыл сари киіп жүргенін байқауға болады. Бір сөзбен айтқанда, қонақтар да той иелерінен кем дайындалмаған. 

Ал жас жұбайларға келсек, күйеу жігіт қызыл кілемнен жүріп өту салтанатына алтын түсті шервани, аяғына спорт аяқ киімін киіп шыққан. Ал қалыңдық Abu Jani Sandeep Khosla үндістандық брендінің қолдан тігілген той көйлегін киді. Радика гуджарати (Үндістанның батысында тұратын халық) дәстүріне сай, ақ пен қызыл түстерді үйлестіріп киген. Стилисті Реа Капурдың айтуынша, қалыңдық басына таққан жамылғының ұзындығы 5 метр. Толықтай тастармен, жылтырақтармен көмкерілген. 

Той рәсімі / Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Той салтанаты дәстүрлі «джаймала» салтымен басталды. Яғни Анант пен Радика бір-бірін қабылдағанын білдіріп, сыйлық береді. Одан кейін қыздың әке-шешесі батасын беріп, күйеу баласына қызды табыстайтын сәт – «каняадаан» өтті. Бата алған екі жас «фера» дәстүрін жасау үшін отты айналып жүреді. 

«Бидай» деп аталатын қалыңдықтың туыстарымен қоштасу сәтіне Радика Мерчант басқа образда шықты. Бұл жолы алтын-қызыл түстес киімі жеңіл жейде, лехенгадан тұрды. Ал басына қолдан тігілген бас киім киген. 

Той иелері, Амбани отбасы / Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Той өткен зал Үндістандағы киелі қала Варанасидің кішігірім нұсқасына айналған. Арнайы шақыртылған жұлдыздар өнер көрсетіп, қонақтар да, той иелері де қосыла ән шырқап, би билеген видеолар көп. Той залының Варанасиге ұқсатылуы бекер емес. Баласы үйленетінін білгеннен кейін, Ананттың шешесі Нитв Амбани Уттар Прадеш штатындағы Варанаси қаласына аттанып, құдайлардан жұпқа бата беруін тілейді. Осылайша, тазалық пен Варанасидің көркем сұлулығы жұғысты болсын деп, той өтетін жерді сол қалаға ұқсатуға шешім қабылдайды. Одан бөлек Нита Амбани той салтанаты үнді мәдениетіне құрмет көрсету деп бағалайды. «Мәдениетімізге үлес қосқан мыңдаған шебер, тігінші мен қолөнершілерді құрметтегіміз келді», – дейді той иесі. Нита Амбанидің көйлегін үндістандық танымал сән үйі Абу Джани Сандип Хосла, атап айтқанда Виджай Кумар мен Моника Маурья тіккен. 

Өнерпаздар / Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Дүркіреген тойдың креатив продюсері – Үндістанның белгілі модельері Маниш Махотра. Ол Амбани әулетіне арнап жеті ай бойы бірнеше киім тіккен. CNN-ге берген сұхбатында модельер: «Тойдың әр деталі, декорациядан бастап тамақтарға дейін қонақтарды қуаныш, махаббат пен мереке атмосферасына бөлесін деген мақсатымыз болды», – деді. 

Отбасымен қоштасып, Амбани әулетіне енгеннен кейін, Радика Мерчант: «Біз ұзақ жылдар бойы дос болдық. Енді үлкен өмірге отбасы ретінде аяқ бастық. Жұптасқан өміріміздің қалай өтетінін білгім келіп асығып жүрмін», – деді. Одан бөлек тойға қатысты: «Бұл тойдың СЕО-сы – енем. Осынау маңызды күнімізді естен кетпестей етіп ұйымдастырған, өз көзқарасын қосқан, әр детальды ескеріп, оның мағыналы болуын қадғалаған – Нита», – деді қалыңдық. 

Той безендірілуі / Фото: Vogue/Joseph Radhik, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тойдың шығынына келсек, бұған дейінгі әлемдік жұлдыздар шақыртылған тойға дейінгі жиындарға 300 млн АҚШ доллары жұмсалғаны туралы ақпарат бар. Ал негізгі тойға бұдан екі есе, яғни 600 млн доллар жұмсалған деседі. Салыстыратын болсақ, Чарльз ханзада мен Диана ханшайымның тойына 163 млн АҚШ доллары жұмсалған еді. Сондықтан көпшіліктің бұл тойды «ғасыр тойы» деп атауы бекер емес.