Антикор Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Наиля Мулюковаға қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Шенеунік сотқа тартылды. Н. Мулюкова 125 млн теңге көлемінде мемлекетке зиян келтіргені анықталды.
Н. Мулюкова инвестициялық зейнетақы қорында жұмыс істеген. Бірқатар жарнама агенттіктерін басқарды. 2016 жылы Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды. «Нұр Отан» партиясының мүшесі болды. Ақпарат құралдары оның тендер ақшасын жылыстатқаны туралы жазды. Антикор мәліметі бойынша күдікті қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, бюджет қаражатын жымқырып және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін іс қозғады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын мәлімдеді. Шенеунік сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу материалдары прокурорларға берілді.
«Ол ұлының оқуына ақы төлеу қажеттілігі және дизельді отынмен қамтамасыз ету туралы бизнес өкілдеріне заңсыз нұсқаулар беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін күдікті. Сонымен қатар шенеунік өңір кәсіпорындарының сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеу арқылы заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірді», – делінген Антикор материалында.
Агенттіктің ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы әкімдік қызметкерлеріне қатысты 203 қылмыс тіркелді. Осының негізінде 144 адам әшкереленді.