Ресей Орталық Азиядан келген еңбек мигранттары үшін бейімделу курсын әзірледі. 70 минутқа созылатын курста азаматтар РФ еңбек заңнамасы, мінез-құлық ережелерімен танысады. Оның ішінде әйелдер мен ерлерге ысқырмауға және «ағасы» немесе «әпке» деп шақырмау туралы кеңестер ұсынылады.
Ресейдің «Коммерсантъ» басылымының хабарлауынша, шетелдік мигранттарға тарихқа қысқаша экскурсия да жасалады. Онда «КСРО бюджетінен бөлінген қыруар қаржы Орталық Азия республикаларының серпінді дамуына мүмкіндік берді» деген мәліметтер айтылады.
Орталық Азия аймағынан келген мигранттарды әлеуметтік-мәдени бейімдеу бойынша курсты Ұлттық істер жөніндегі федералдық агенттік әзірлеген. Бүгінде курс Ресейдің төрт аймағында, соның ішінде Мәскеуде де сәтті сынақтан өткен.
«Бүгінде Ресей Федерациясының көптеген субъектілері өздерінің аймақтық компонентін, яғни мәдениетінің ерекшеліктерін, әр субъектінің дәстүрлерінің ерекшеліктерін ескеріп әзірледі», – деп мәлімдеді РФ Ұлттық істер жөніндегі федералдық агенттік басшысының орынбасары Станислав Бедкин.
Курс төрт бөліктен тұрады:» Ресей Федерациясының көші-қон және еңбек заңнамасының негіздері», «Ресейдегі бейресми мінез-құлық негіздері», «РФ заңнамасын сақтамағаны үшін жауапкершілік», «Ресей мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынастары туралы тарих».
Курс авторлары орыс тілін білу маңызды екенін атап өтті. Бұдан бөлек, мигранттар танымайтын бөгде адамдармен «ағасы», «әпкесі» деген сияқты қаратпа сөздермен сөйлеуге тыйым салынады. Тіпті көшеде кетіп бара жатқан адамды өз ана тілінде сөз етуге болмайды. Көпшілік ортада да өз тілдерінде сөйлеуге болмайтыны жайлы да ескертулер бар.
Сондай-ақ мигранттарға Ресейдің қоғамдық орындарда қандай да бір дінге көзқарас таныту, көшеде діни рәсімдерді өткізу, қоғамдық орындарда намаз оқу, дұға жасау сияқты әрекетер жасауға тыйым салынатын ескертеді. Малды құрбандыққа шалу рәсіміне де қатаң ескерту жасалған. Еңбек мигранттарының өздеріне ұнап қалған ер немесе әйел адамның назарын аударту үшін айқайлап шақыруға, ысқыруға болмайтыны да бейімделу курсы ішіндегі басты ережелердің бірі. Бейтаныс әйелдер мен еркектерге қол тигізбеуге (тиісу, шымшу, құшақтау, қолынан немесе киімдерді ұстау) тыйым салынады.
Еске салсақ, биыл көші-қон заңын бұзған мыңнан аса шетелдік мигрант елден шығарылды. Ал Қазақстанға келген шетелдіктер рейтингінде Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр.