Құрылысы 2018 жылы басталған Қарағанды-Балқаш тас жолының алғашқы төрт жолағы ашылды. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Астана мен Алматы қалаларын қосатын Орталық-Оңтүстік дәлізінің учаскелерінде қозғалыс ашылып, жолды қолданысқа тапсыру жұмыстары жүріп жатыр.
«Бүгін Қарағанды-Балқаш күре жолының алғашқы төрт жолағы ашылды. Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі аралықта жаңа асфальт төселіп, төрт жолақты жол толығымен ашылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тосқауыл қоршауы орнатылды», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, Қарағанды-Балқаш күре жолының жалпы ұзындығы – 363 шақырым. Күре жол I санатқа ие және төрт жолақтан тұрады. Қайта құру жұмыстары аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтетін 32 жол өткелі, көлік айрығы және темір жол өткелінің құрылысы толық аяқталған.
Орталық-Оңтүстік дәлізіне жататын республикалық маңызы бар Астана-Алматы күре жолының жалпы ұзындығы – 946 шақырым. Көлік министірлігінің хабарлауынша, жол учаскелерінің құрылыс сапасын шетелдік компаниялар бақылайды. Нақтырақ айтсақ, құрылыс сапасын бақылау кореялық компанияға тапсырылған.
Еске салсақ, осыған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттауы мүмкін екенін айтты. Министр елдегі ақылы жолдардың бағасы басқа мемлекеттермен салыстырғанда арзан екенін айтады.
Сондай-ақ Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алады. Қаржы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінеді. Бұл шараларды 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр.