Тараз қаласында ашылатын Су шаруашылығы және ирригация университеті 1 қыркүйекте өз жұмысын бастайды
Су шаруашылығы мен ирригация жүйесінде білікті кадр даярлау үшін елімізде жаңа университет құрылды. Оқу орны биыл 1 қыркүйекте төрт мыңға жуық студент қабылдап, өз жұмысын бастайды. Тараз қаласындағы Су шаруашылығы және ирригация университетін құру туралы қаулыға ҚР Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.
«Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет «М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта құру және оның негізінде екі ЖОО — «М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ТарУ» КеАҚ) және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ҚазҰСШИУ» КеАҚ) құру туралы шешім қабылдады. Оқу орындары олардың жарғылық капиталдарына мемлекеттің жүз пайыз қатысуы арқылы құрылды», – деп жазылған Үкімет хабарламасында.
Арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесінде жоғары білікті кадрларды даярлайды деп күтілуде. ҚазҰСШИУ-да «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» сияқты жаңа білім беру бағдарламалары енгізілетін болады.
«2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа ЖОО студенттер қабылдай алады деп жоспарланып отыр. ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы (бакалавриатқа – 210, магистратураға – 20, докторантураға – 15) бөлінді. Білім беру цикліндегі жалпы контингент саны 4 000 білім алушыны құрайды», – деп хабарлады ведомство.
Президент сыны
Көктемгі су тасқыны кезеңінде мемлекет үшін қиындықты еңсеру оңайға соқпады. Президент Үкімет жұмысын сынап, барлық ресурсты жұмсауды тапсырды.
«Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент бұдан кейін ведомстволарға су тасқынының алдын алу үшін білікті кадрларды дайындау керек екенін бірнеше рет нақтылады.
Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институты қалпына келтіріліп, оған ұлттық университет мәртебесі берілетінін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Кеңес Одағының тұсында мұндай оқу орындары бесеу ғана болған – Ресейде екеу, Украина, Өзбекстан және Қазақстанда бір-бірден.
Жамбыл (Тараз) гидромелиоративтік-құрылыс институты 1962 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының гидромелиоративтік факультетінің базасында ашылды. 1998 жылы институт тағы екі оқу орнымен – Жамбыл университетімен және жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтымен біріктіру арқылы ТарРУ құрамына енді.
Еске салсақ, Нидерландыдан келген ғалымдар су тасқынының алдын-алуға қатысты жаңа шешімдер ұсынған еді. Су тасқынын болжау үшін халықаралық сараптамалар жүргізілген. Нақтырақ айтқанда, елдегі апаттың алғашқы күндерінен бастап елімізде Нидерландыдан келген ғалымдар тобы жұмыс істеген. Олар жақын арада су тасқыны қаупін басқарудың бірлескен жоспарын ұсынбақ.