Азаптауға қатысты 33 лауазымды тұлғаның үстінен қозғалған 12 іс сотқа жолданды – Бас прокуратура

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мұндай істердің сотқа жіберілуі жақсарды / Коллаж: kursiv.media

2023 жылғы қаңтардан бастап азаптаулар туралы істерді тергеп-тексеру прокуратура  органдарына жүктелді.

Нәтижесінде, азаптаулар туралы арыздардың саны өткен жылы 2 есеге, яғни 791-ден 417-ге дейін қысқарған. Ал биылғы алты айда 221-ден 139-ға дейін азайды.

«Мұндай істердің сотқа жіберілуі жақсарды. 2023  жылы  сотқа  азаптаулар  туралы  2 есе көп іс жіберілді (22-ге қарсы 10), олар бойынша 4 есе көп адам сотталды (40-қа қарсы 12). Биыл сотқа 33 лауазымды адамға қатысты 12 іс (8) жіберілді», – деп хабарлады бас прокуратура.

Азаптаулардың себептері мен жағдайларын анықтау үшін прокурорлар үздіксіз  бейнебақылау жүйесін қосты. Көрінбейтін аймақтар жойылды, ұстау және жеткізу процесін тіркеу үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін бейнежетондармен жарақтандыру бойынша шаралар қабылданып жатыр.

«Осы санаттағы істерді талдау тоқтатуға негізінен азаматтардың тиісті арыздарымен кеш, яғни дәлелдемелер жинау мүмкіндігі жоғалған кезде (бейнежазбаларды сақтау мерзімі аяқталғанда, куәгерлерді анықтау мүмкін емес), 2-6 айдан кейін немесе одан да көп уақыт өткен соң жүгінуі себеп екенін көрсетті», – деп хабарлады ведомство.

2024 жылы 19 наурызда Алматының Алмалы аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау әдісін қолданған үш полиция қызметкеріне үкім шығарған.

Еске сала кетсек, Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Қырғызстан азаматының ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Ол осы азаптау ісіне қатысты 22 жәбірленуші бар екендігін айтқан. Айтуынша, олар Қаңтар оқиғасы кезінде Рузахуновпен бірге азапталған.

Сондай-ақ оқыңыз